Зеленский мен Трамп бүгін телефон арқылы сөйлеседі

Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 19 наурыз күні АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Зеленский Финляндия президенті Александр Стуббпен өткізген баспасөз конференциясында айтты.
«Бүгін мен АҚШ президенті Трамппен байланысқа шығамын. Біз онымен келесі қадамдардың нақты деталдарын талқылаймыз. Кеше біздің командаларымыз жақсы кездесу өткізді. Бәрі дұрыс бағытта жүріп жатыр, бұл Ресейге ғана ұнамай отыр», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, әңгіме барысында Украина мен АҚШ президенттері Ресеймен арадағы соғысты тоқтату жолдарын нақтыламақ. Сондай-ақ, Зеленский Трамптан Ресей басшысы Владимир Путинмен болған әңгіменің толық мән-жайын сұрап білуді жоспарлап отыр.
«Мен Трамп пен Путин арасындағы келіссөздердің кейбір детальдарын естідім. Кеше кештен бастап түнге дейін біздің командаларымыз өзара сөйлесті. Бірақ нақты толық мәліметті тікелей Трамптың өзінен білгім келеді. Әрі қарай біздің техникалық топты келесі қадамдарға дайын болу үшін жібереміз», – деді Украина президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы келіссөздер өткізіп, бейбіт келісімге келуге шақырған болатын. Алайда Зеленский мен Трамптың соңғы рет ресми кездесуі ақпанның 28-і күні Ақ үйде өткен еді. Ол кезде Дональд Трамп пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Венс Украина президенті Зеленскиймен соғыс мәселесінде сөзге келіп қалған болатын. Америкалық тарап Украина президентін соғыс жағдайындағы АҚШ көмегіне «алғыс білдірмеді» деп айыптаған еді.
Соңғы жаңалықтар





