«Жалғыз қызым еді»: Абай облысында қаза тапқан бойжеткеннің анасы елден көмек сұрады
Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың қаза болуына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның анасы жалғыз қызының өліміне кінәлі адам заң алдында жазасын алуы керек екенін айтып, елден қолдау сұрады.
Оқиға 13 шілдеде болған. Сол күні таңертең жергілікті тұрғындар ауылдағы үйлердің бірінің маңынан Дильназдың денесін тапқан. Анасының айтуынша, қыздың денесінен бірнеше пышақ жарақаты мен ауыр дене жарақаттары анықталған. 20 жастағы бойжеткен алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Марқұмның анасы қызының небәрі 20 жаста болғанын айтып, оның қазасы отбасы үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді.
«Ол менің жалғыз қызым еді. Үмітім әрі тірегім болатын. Ана ретінде бұл қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – деді ол.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған факті бойынша адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жедел іздестіру шаралары кезінде күдікке ілінген 20 жастағы аудан тұрғыны ұсталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы жаңалықтар