Жамбыл облысында жаңа босанған әйел көз жұмды
Жамбыл облысында босанғаннан кейін 30 жастағы Салтанат Нышанбай перинаталдық орталықта қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ресми дерек бойынша, өлім себебі – шығу тегі белгісіз сепсис. Алайда туыстары дәрігерлерді және жүкті кезінде есепке алмаған емхананы кінәлап отыр.
Салтанат кесарь тілігі арқылы мерзімінен бұрын босанған. Нәресте аман, бірақ анасы үш апта бойы жансақтауда жатып, көз жұмған. Жақындарының айтуынша, сепсис дер кезінде анықталмаған, жатырын ескертусіз алып тастаған, ал оның жағдайына салғырт қаралған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, емхана МӘМС төлемі болмағандықтан, Салтанатты есепке қоймағанын, қажетті тексерулер жүргізілмегенін айтады.
Марқұмды жерлегенде денесінде көп тілік пен некроз іздері болғанын туыстары жеткізді. Дәрігерлер бұл жайтқа нақты түсініктеме бермеген. Клиника тағылған айыптауларды растамай да, жоққа да шығармай отыр. Орталық басшылығы ана өлімі расталғанын және қызметтік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
Салтанаттан екі бала қалды: жаңа туған сәби және 5 жасар ұлы. Туыстары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар