Жамбылда полиция бастығының орынбасары мен аудандық бөлім басшысы сотталып жатыр
Тараз қалалық сотында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары мен Талас аудандық бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Айыпталушы орындығында отырған орынбасар Жайдарбек Құттыбаевқа ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылса, оның қарамағында жұмыс істеген бөлім басшысы Еркен Абаев пара алу және қылмысқа қатысу баптары бойынша жауапқа тартылып жатыр. Іс бойынша жәбірленуші ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Дархан Уәлиев танылды.
Тергеу барысында Өзіндік қауіпсіздік қызметкерлері Құттыбаевтан жұмыстан өз еркімен босату туралы баянат жазуды талап еткенімен, ол бас тартқан соң алаяқтық күдігіне ілінген. Ал біраз уақыт бой тасалап жүрген Еркен Абаев кейіннен бұрынғы әріптестеріне өз еркімен берілді.
Бұл сыбайлас жемқорлық дауы былтыр күзде басталып, оның салдарынан облыстық полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев қызметінен кеткен болатын. Сол кезде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қол астындағы қызметкерлердің ұсталуына қатысты пікір білдірген. Министр қатарда сатқындарға орын жоқ екенін қатаң ескерткен болатын.
Соңғы жаңалықтар