Жапаров досы Тәшиевті неге отставкаға жіберді?

13.02.2026 12:41 Әсел Мұрат
Жапаров досы Тәшиевті неге отставкаға жіберді?
236
Фото: ашық дереккөз

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін басқарған Қамшыбек Тәшиевтің қызметінен кету себебіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Жапаровтың айтуынша, кадрларды тағайындау барысында ешқандай топқа немесе жеке адамдарға бөлу қағидаты жоқ.

– Әрбір кадрлық шешім жан-жақты сараптаудан өтеді. Бұған дейін дәл осындай талапты Қамшыбек Тәшиевке де, министрліктер мен ведомстволардың жетекшілеріне де, Министрлер кабинетінің төрағасына да, облыс әкімдеріне де қойғанмын. Яғни мемлекетке адал, ұстанымы берік әрі кәсіби білікті мамандарды ұсыну қажеттігін атап өткенмін. Қазіргі таңда да осы қағиданы басшылыққа алып келемін. Ұсыныстар да осы талаптарға сай беріледі. Сондықтан «Жапаровтың командасы» немесе «Тәшиевтің командасы» деген түсінік жоқ, – деді Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында.

Ол досы Қамшыбек Тәшиевті қорғау мақсатында дер кезінде әрі батыл шешім қабылдағанын айтты.

«Себебі оның айналасындағы кейбір адамдар досымды тура жолдан тайдыруға тырысты. Олар Қамшыбек Ташиевтің атын пайдаланып, парламент депутаттарына, жоғары лауазымды тұлғаларға және қоғамға белгілі азаматтарға «Генералдың жағына шығыңдар» деп үндеу жасай бастаған», – деп түсіндірді ол.

Қырғыз елінің басшысы мұндай әрекеттер мемлекеттік құрылым мен қоғам арасында түсініспеушілік туындатуы ықтимал екенін жеткізді.

«Сол себепті мен досымды қызметінен босату жөнінде шешім қабылдауға мәжбүр болдым. Мен үшін елдегі тұрақтылық бәрінен биік», – деді ол.

Сондай-ақ Қырғызстан президенті Қамшыбек Тәшиевті қызметінен босатар алдында оған алдын ала хабарласып, жағдайды түсіндіргенін айтты.

Оның сөзінше, бұл қадам мемлекет пен халықтың тыныштығы мен ауызбіршілігін сақтау мақсатында жасалған. Сонымен қатар, достықты мансаппен немесе қандай да бір мүддемен байланыстыру дұрыс еместігін атап өтіп, Ташиевпен арадағы достық қарым-қатынас сақталатынын жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий