Әлімханұлына қатысты допинг дауының жай-жапсары қашан белгілі болады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының В допинг-сынағын ашу процесі 2026 жылдың 8 қаңтарына жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Халықаралық допингке қарсы рәсім аясында кәсіби боксшымыз Жәнібек Әлімханұлына жүргізілген допинг-бақылау нәтижелері бойынша В сынамасын ашудың күні мен уақыты ресми түрде белгіленді. Бұл кезең процестік ашықтықты қамтамасыз ету және спортшының құқықтарын сақтау тұрғысынан аса маңызды», - деп жазды ол.
Айтуынша, әлемдік тәжірибеде В сынамасын талдау А сынамасының бастапқы нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажеттілігі туындаған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
«Аталған рәсім тәуелсіз, аккредиттелген зертханада өткізіледі және барлық бекітілген хаттамалардың қатаң сақталуымен, оның ішінде спортшы өкілдері мен мүдделі тараптардың қатысу мүмкіндігі қамтамасыз етіле отырып жүргізіледі. Дәл осы тетік процестің объективтілігін қамтамасыз етіп, кез келген қателік немесе бұрмаланудың алдын алады», - деді ол.
Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы В сынамасын ашу күні мен уақытының белгіленуі допинг ережелерін бұзуды мойындау болып табылмайтынын және ешқандай алдын ала қорытынды жасалмайтынын ерекше атап өтеді. Бұл – халықаралық допингке қарсы нормаларда көзделген, фактілерді түпкілікті анықтауға бағытталған стандартты рәсімдік қадам.
«Федерацияның ұстанымы өзгеріссіз және институционалдық сипатта, А және В сынамалары бойынша ресми қорытындылар алынғанға дейін кез келген мәлімдемелер, жорамалдар немесе бағалау сипатындағы пікірлер айтуға жол берілмейді. Адал спорт қағидаттары мен спортшылардың құқықтарын қорғау ақпараттық дүрбелеңге емес, тек расталған деректерге негізделуі тиіс», - деп атап өтті Ерденбеков.
Ол барлық көзделген рәсімдер толық аяқталып, уәкілетті допингке қарсы органдардан ресми құжаттар алынғаннан кейін ғана жағдайға қатысты түпкілікті ақпарат пен құқықтық баға ұсынылатынын айтты.
«Өз кезегінде Қазақстанның Кәсіби бокс федерациясы VADA ұйымынан А сынамасы бойынша ресми және жан-жақты жауап күтуде», – деп мәлімдеді Ерденбеков.
Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 15 қарашада тапсырған допинг-сынамадан мельдоний табылған болатын.
VADA ұйымынан ресми хат 2 желтоқсанда келген. Соған байланысты Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы үш титулға жоспарланған жекпе-жек тоқтатылды. Ал Лара 6 желтоқсанда WBA белбеуін венесуэлалық Йохан Гонсалеске қарсы жекпе-жекте қорғады.
Соңғы жаңалықтар