БҚО-да 18 жастағы туысын өлтірген ер адам 12 жылға сотталды
18 жастағы туысын өлтіріп, денесін көміп тастаған, кейін оны отбасымен бірге іздеген Ермек Мұстахим 12 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі «Мой Город» басылымына сілтемемен.
Бүгін, 29 қыркүйекте, Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында 26 жастағы Мұстахимге үкім шықты. Судья Райгуль Амангельдинова оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сонымен қатар психотроптық заттар мен алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделіп, марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 12 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Қайғылы оқиға биыл 19 мамырға қараған түні Жәнібек ауданында болған. Бірге ішімдік ішіп отырған Мұстахим мен оның 18 жастағы туысы жанжалдасып қалған. Мұстахим үстелдегі асүй пышағын алып, жігітке кемінде 15 рет сұққан: екеуі мойнына, біреуі бетіне, тағы 12-сі кеудесі мен ішіне тиген. Бұған қоса, оның басынан, жағынан және қабырғасынан жұдырықпен, шынтақпен ұрған.
Жәбірленуші сол жерде көз жұмған. Қылмыс ізін жасыру үшін Мұстахим денені үйдің артына апарып, қоқыс шұңқырына көмген де, ұйықтауға жатқан. Ертеңіне күнделікті тіршілігін жалғастырып, кейін туыстарымен бірге марқұмды іздеген, әлеуметтік желіде оның жоғалғаны туралы хабарландырулар жариялаған. Қылмысты ашуға сол түні жәбірленушінің Мұстахиммен бірге болғанын айтқан куәгерлер көмектескен.
«Бейбарыс небәрі 18 жаста еді. Ол ұлымды қатыгездікпен өлтірді. Кемінде 20 жылға сотталуы керек еді. Денесін жасырып, кейін үйімізге келіп, бізбен бір дастарқанда отырды. Ұлымды сегіз күн іздедік. Осы уақыт ішінде денесі ыдырай бастап, онымен дұрыстап қоштаса да алмадық», деді Бейбарыстың анасы Самал Гайсина.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, оған шағым түсіруге болады.
Соңғы жаңалықтар