Алматы облысында полиция қызметкерінің өліміне күдікті жасөспірімдер үйқамаққа алынды

28.06.2026 13:25 Қарақат АСЫЛОВА
Алматы облысында полиция қызметкерінің өліміне күдікті жасөспірімдер үйқамаққа алынды
257
Күдіктілердің адвокаттары сот шешіміне пікір білдірді

Алматы облысы Кеген ауданында полиция қызметкері Аслан Әлсеровтің қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша кәмелетке толмаған күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақ түрінде таңдалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Күдіктілердің қорғаушылары – адвокаттар Гаухар Сарыева мен Динара Шамшекова бұл іс бойынша бірлескен қорғауды өз мойнына алғанын хабарлады.

Қорғаушылардың айтуынша, Кеген аудандық сотының тергеу судьясы Рамазанова С.К. органның сотқа дейінгі тергеу органдарының қамауға алу туралы өтінішін қарап, тараптардың уәждерін мұқият тыңдаған. Адвокаттар сот процесінің формалды түрде емес, жан-жақты өткенін атап өтті.

«Судья барлық тарапты тыңдап, сұрақтар қойып, іске терең үңілді. Шешім асығыстықсыз, алдын ала қорытындысыз қабылданды. Мұндай тәсіл әділ соттың көрінісі», – делінген қорғаушылар пікірінде.

Сот шешімімен кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта олар үй жағдайында бақылауда. Сонымен қатар сот қаулысына сәйкес, электронды білезіктер тағылып, бейнебақылау жүйесі орнатылуы тиіс.

Қорғау тарапы сот отырысында істі толық әрі жан-жақты зерттеу қажеттігіне назар аударған. Адвокаттардың айтуынша, күдіктілер ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық немесе қатыгез қарым-қатынас жағдайында өмір сүруі мүмкін деген болжам бар, алайда бұл деректер әлі дәлелденбеген және тергеу барысында мұқият тексерілуі тиіс.

«Біз бұл жағдайды дәлелденген факт ретінде айтып отырған жоқпыз. Бірақ мұндай мән-жайлар міндетті түрде зерттелуі керек. Балалардың не жағдайды бастан өткергенін түсінбей тұрып, оқиғаны толық бағалау мүмкін емес», – дейді адвокаттар.

Сонымен қатар қорғаушылар өз мәлімдемесінде істің ауырлығын мойындай отырып, тергеудің әділ және толық жүргізілуі маңызды екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – ақтау немесе айыптау емес. Міндетіміз – барлық жағдайды ескерген, әділ және толық тергеудің жүргізілуін қамтамасыз ету. Әсіресе, кәмелетке толмағандар қатысқан істерде бұл ерекше маңызды», – делінген мәлімдемеде.

Войдите, чтобы оставить комментарий