Алматыда әскери колледж басшылығы Қайрат Сатыбалдыға байланысты даудан кейін қызметінен кетті

21.05.2026 21:39 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыда әскери колледж басшылығы Қайрат Сатыбалдыға байланысты даудан кейін қызметінен кетті
308
Қоғамдық резонанстан соң басшылық қызметтен шеттетілді

Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери колледжде болған даулы оқиғадан кейін оқу орнының басшылығы қызметінен кетті, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ertenmedia.kz-ке сілтемемен.

Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, Қайрат Сатыбалдының колледжге келуі ресми жоспарланған шара болмаған. Кездесуді оқу орнын 40 жыл бұрын тәмамдаған түлектер өз бастамасымен ұйымдастырған.

Дархан Ахмедиевтің сөзінше, Сатыбалды курсанттарға ресми дәріс оқымаған. Ол оқу орнына бұрынғы түлек ретінде ғана барған.

«Оның студенттер алдында лекция өткізгені туралы ақпарат кейін тарады. Бірақ ол колледждің оқытушысы емес, сондықтан ресми сабақ жүргізбеген», – деді министрдің орынбасары.

Айта кетейік, әлеуметтік желілерде Қайрат Сатыбалдының әскери колледжде жастармен кездескен видеосы кең тараған еді. Бұл жайт қоғам арасында қызу пікірталас тудырды. Желідегі қолданушылардың бір бөлігі сотталған адамның курсанттар алдында сөз сөйлеуін сынға алды.

Осыған байланысты журналистер Қорғаныс министрлігіне сауал жолдап, мұндай кездесуге кім рұқсат бергенін сұрады. Ведомство өкілі оқу орнының басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылғанын растады.

Еске сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылы ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша ұсталып, кейін алты жылға сотталған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий