Алматыда екі пышақпен көшеде жүрген мас ер адам ұсталды
Алматы қаласында қолына екі пышақ ұстап, көшеде адамдарды шошытқан ер адам полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға Райымбек даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адам қоғамдық орында екі пышақты оңды-солды сермеп, айналасындағылардың үрейін туғызған. Осыдан кейін тұрғындар бірден полицияға хабар берген.
Полицияның мәліметінше, шақырту түскеннен кейін оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары қарулы азаматты залалсыздандырып, ұстап алған.
“Аталған ақпарат расталды. Қолына суық қару ұстаған ер адам жедел түрде залалсыздандырылып, полиция бөліміне жеткізілді”, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Тексеру барысында ұсталған адамның жұмыссыз екені, мас күйде болғаны және бұған дейін сотталғаны анықталған. Алайда ол өз әрекетінің себебін нақты түсіндіре алмаған. Абырой болғанда, тұрғындардың дер кезінде полицияға хабар беруі мен құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар