Алматыда полицейді өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды: Қылмысқа оның әйелі мен 14 жасар ұлы күдікті

08.10.2026 • 15:53 Мөлдір ҚАЙНАР
Алматыда полицейді өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды: Қылмысқа оның әйелі мен 14 жасар ұлы күдікті
304
Фото: коллаж Ulysmedia

Алматы қалалық полиция департаментінің Тергеу басқармасы 37 жастағы полицей Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қылмыстық іс материалдары сотқа жолдау мәселесін шешу үшін қалалық прокуратураға өткізілді.

«Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Белгіленген юрисдикцияға сәйкес, қылмыстық іс материалдары сотқа жолдау мәселесін қарау үшін Алматы қалалық прокуратурасына жіберілді» деп мәлімдеді ведомство өкілдері Newtimes.kz сайтының ресми сауалға берген жауабында.

Оқиға қалай болған еді?

Айта кетейік, биыл 23 маусымда Алматы облысында 37 жастағы Аслан Әлсеровтің мәйіті табылған болатын. Оның денесі Көкпек – Көктал – Кеген автожолының 52-шақырымында, Кеген асуына таяу маңда жол жиегінен толықтай күйіп кеткен күйінде табылды. Оқиға орнын қарау барысында криминалистер марқұмның оң қолынан арқанның қалдықтарын анықтаған. Көп ұзамай бұл қылмысқа күдікті ретінде марқұмның әйелі мен оның 14 жастағы кәмелетке толмаған ұлы ұсталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, қылмыс ерлі-зайыптылардың Алматыдағы пәтерінде жасалған. Осыдан кейін олар тәртіп сақшысының денесін қала сыртына алып шығып, Алматыдан шамамен 300 шақырым қашықтықта өртеп жіберген.

Аслан Әлсеров полицияда аға жедел уәкіл қызметін атқарған, ал оның жұбайы да құқық қорғау органдарында қызмет еткені белгілі болды. Ерлі-зайыптылар 15 жыл отасып, жеті баланы тәрбиелеп отырған. Ұлдары спортпен шұғылданған.

Көршілері отбасын тек жақсы жағынан сипаттап, оларды өте сыпайы әрі берекелі шаңырақ деп таныған. Аса ауыр қылмыс жасады деп айыпталған күдіктілерге 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Аслан Әлсеров 24 маусымда жер қойнына тапсырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий