Ресейдегі 14 қазақстандық елшілікке жеткізіле ме? СІМ мәлімдеме жасады

08.10.2026 • 14:34 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ресейдегі 14 қазақстандық елшілікке жеткізіле ме? СІМ мәлімдеме жасады
234
Фото: gov.kz

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі 14 қазақстандықтың елшілікке жеткізілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство әлеуметтік желіде тараған мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Ресейдегі 14 қазақстандықтың қақтығыс аймағынан Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетіні туралы ақпарат тараған.

«Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдейді», деп хабарлады ведомство.

Министрлік мұндай ақпараттың әсіресе Ресейде қалған азаматтардың туыстары үшін маңызды екенін атап өтті.

«Тексерілмеген мәліметтерді таратуға мүлдем жол берілмеуі тиіс. Мұндай ақпарат жақындарынан хабар күтіп отырған отбасыларды адастырады, негізсіз үміт тудырады», деп мәлімдеді СІМ.

Ведомство Ресей тарапымен түрлі деңгейде жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады. Мәселе тұрақты бақылауда, ал жұмыстың нәтижесі туралы қосымша ақпарат беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Мейірман Шекеев Ресейдегі қазақстандықтардың мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына алынғанын мәлімдеген еді.

Ол алғашқы 14 азамат Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетінін Instagram парақшасында жазған болатын.

Еске салайық, бұған дейін бір топ қазақ жігіті Ресейден видеоүндеу жариялап, көмек сұраған. Олардың айтуынша, Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған. Алайда жігіттер Ресейде Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасуға мәжбүр болғанын және Украинадағы соғысқа жіберілгелі жатқанын айтқан еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий