Алтынбек Сәрсембаевтың отбасы Назарбаевқа қатысты тергеу жүргізуді сұрайды
2006 жылы қаза тапқан оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен серіктестері оның өліміне қатысты тергеу толық аяқталмаған деп есептейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Олар істі қайта қарауды және сол кезеңдегі жоғары лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.
Бұл туралы 11 ақпанда Алматыда өткен еске алу жиынында айтылды. Жиын саясаткердің қаза тапқанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Отбасы атынан дайындалған үндеуді құқық қорғаушы, Сәрсенбайұлының келіні Маржан Аспандиярова оқып берді.
Үндеу Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жолданған. Құжатта бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы бірқатар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беру қажеттігі айтылған. Сонымен қатар, Даригa Назарбаева, бұрынғы ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев және марқұм Рахат Әлиевтің есімдері аталған.
Жиында сөз сөйлеген адвокаттар іс бойынша қайта қарауға негіз бар деп санайтынын жеткізді. Алтынбек Сәрсенбайұлының серігі Төлеген Жүкеев бұл оқиғаны «саяси террор актісі» деп атады. Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те кісі өлтірудің саяси астары болуы мүмкін деген пікір білдірді.
Еске салсақ, Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылы көмекшілері Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевпен бірге ұрланып, екі күннен кейін Алматы маңынан олардың мәйіттері табылған. Сол кездегі ресми нұсқа бойынша, қылмысты ұйымдастырушы ретінде Ержан Өтембаев, ал орындаушы ретінде Рустам Ибрагимов танылып, соңғысы өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының бірқатар қызметкері сотталған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың бұл жаңа үндеуге қатысты ресми жауабы жарияланған жоқ.
Соңғы жаңалықтар