«Ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек»: Президент Қаңтар оқиғасы туралы айтты

05.01.2026 11:06 Арман Ермеков Арман Ермеков
«Ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек»: Президент Қаңтар оқиғасы туралы айтты
0
813
Фото: ТАСС агенттігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында ел тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – Қаңтар оқиғасының күнгейі мен көлеңкесіне және заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстарының нақты нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетінің тілшісі Бауыржан Бабажанұлына сұхбат берді.

– Тағы бір өзекті тақырып. Қаң­тар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі ту­ралы ақпарат БАҚ беттерінде был­тыр ара-тұра жарияланып тұр­ды. Тергеу амалдары әлі жүріп жа­тыр ма?

– Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі бол­ды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүр­гізу кезінде құқық қорғау органдары аза­маттық қоғам өкілдерімен тығыз бай­ланыста жұмыс істеді. Бірқатар қо­ғам­дық комиссия құрылып, оған белгілі заң­герлер жетекшілік етті. Мұндай қа­дам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқи­ға­ның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік бер­ді. Осы орайда, азаматтық жауап­кер­шілік танытып, кәсіби біліктілігін көр­сет­кені үшін оларға ризашылығымды біл­діргім келеді.

2022 жылдың наурыз айында Парла­мент­те арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің консти­туция­лық құрылымын бұзбақ болған қыл­мыскерлердің әрекетіне егжей-тег­жейлі баға берілді. Иә, кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаң­тарда ұрланған көптеген қаруды із­­дес­тіру жұмыстары әлі жалғасып жа­тыр. Сол күндері қылмыскерлер үш мың­­­нан астам қару-жарақты иемденіп кет­­кен еді. Бірақ күштік құрылымдардың ар­­қасында қару-жарақ жасырылған қой­­малардың көбі табылды.

Қаңтар оқиғасын талқылайтындар кө­­бінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мә­­нін түсінуге еш пайдасы жоқ дүние­лер­­ді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салын­бау керек. Алматыдағы аласапыран тура­­лы жиі айтылып жатады, мұны тү­сіну­ге де болады. Бірақ, зұлымның си­қыр­­лы таяқшасымен жасалғандай адам сен­­гісіз жағдайлар болғанын да естен шы­­ғармау керек. Нақтырақ айтқанда, бү­­лік­ті ұйымдастырушылардың әмірі­мен бір мезетте он екі қалада жаппай тәр­­­­тіпсіздік белең алды. Оның арты қас­­көйлердің көптеген облыс әкім­дік­тері мен құқық қорғау органдарының ғи­мараттарын басып алуына әкеп соқ­тырды.

«Төңкеріс» жасауға әбден машық­тан­ған мамандардың жетекшілігімен тәр­тіп­сіздікті ұйымдастырушылар Үкімет­тің жанар-жағармай бағасын өсіру тура­лы шешімін желеу етіп, адамдарды жап­пай шеруге шығуға итермеледі. Со­сын азаматтардың, мемлекеттік қыз­мет­шілердің, бір таңғаларлығы, күштік құры­лым қызметкерлерінің едәуір бө­лігі­­нің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тас­тап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік ко­м­и­тетінің және Ішкі істер министр­лігі­­нің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілер­дің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда ор­талықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұн­дай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мем­лекетіміздің елді құрдымға жібере жаз­даған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр.

– Қаңтар оқиғасынан кейін сіз оли­гополияға қарсы күресті қолға алып, заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару жөнінде бастама көтердіңіз. Сол үшін Бас про­куратураның жанынан арнайы комитет құрылды. Бірақ, былтырғы Жол­дауыңызда бұл құрылымның атауын Инвесторлардың құқығын қор­ғау жөніндегі комитет деп өз­герту туралы тапсырма бердіңіз. Жұрт бұл шешімді жете түсініңкіре­мей отыр. Мұндай қадам заңсыз ак­тивтерді елге қайтару тақырыбы осы­мен жабылды дегенді білдіре ме?

– Әрине, жоқ. Бас прокуратураның мә­ліметтеріне тоқталып өтейін. Заңсыз активтерді елге қайтару жөніндегі ко­митет үлкен жұмыс атқарып, олигопо­лия өкілдерінен 1,3 триллион теңгеден ас­там қаржы өндіріп алды. Соның 1 трил­лион теңгеден астамы мемлекет қа­зынасына түсті. Арнайы мемлекеттік қор­дағы қаражат есебінен елімізде жал­пы құны 482 миллиард теңге болатын 434 әлеуметтік және коммуналдық ны­сан салынып жатыр. Оның қатарында 227 сумен қамтамасыз ету, 183 денсау­лық сақтау, 11 білім беру, 5 спорт, 8 инф­­­­рақұрылым нысанының құрылысы бар. Сондай-ақ, Павлодар, Арқалық, Бал­қаш қалаларындағы әуежайлар жаң­ғыртылып жатыр.

Жұмыс жалғаса береді. Активтерді сарап­тап, оның заңдылығын анықтау құ­зыр­лы органдардың күнделікті қыз­ме­тінің бір бағытына айналды. Ең бас­тысы, барлық жұмыс ашық әрі әділ болу­ға тиіс. Енді бұл шаруаны бір орта­лық­тан үйлестіріп жүргізудің қажеті жоқ. Жұмыс бір қалыпқа түсті. Сондық­тан, алға қадам басып, инвесторлардың құқығын қорғауға баса мән беретін кез келді.

Активтері күмән тудырып, күдікке ілін­ген адамдардың көбі қаржысын елге инвестиция ретінде салуға ниет білдірді. Олармен жалпы сомасы бес триллион теңгеден асатын келісімдер жасалды. Бұл қаражаттың есебінен инвес­тиция­лық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішін­де туристік, көлік-логистикалық ор­та­лықтар, тау-кен, металлургия, энер­гетика секторларына қатысты жобалар бар. Әлбетте, білім беру, денсаулық сақ­тау, мәдениет, спорт салаларына, сон­дай-ақ, мұқтаж жандарды оңалту және әлеу­меттік ортаға бейімдеу бағдар­лама­ларын қаржыландыруға айрықша назар аударылады.

Бас прокуратура мен Үкіметтің ал­дын­да барлық жоспарларды және уағдаластықтарды орындау міндеті тұр. Бұл – аса маңызды жұмыс.

Заңсыз активтерді елге қайтару ар­қы­лы әлеуметтік әділдікті қалпына кел­тіру – конъюктура не болмаса жұрт­қа жағу үшін жасалған саяси науқан емес, бұл – мемлекеттің мызғымас ұста­ны­мы. Әңгіме индульгенция немесе ымыраласып, астыртын келісім жасау тура­лы болып отырған жоқ, олай болуы мүл­дем мүмкін емес.

Қазақстан әлем қауымдастығына ха­лықаралық құқықты қатаң сақтайтын ел екенін көрсетіп келеді. Бірақ, кейбір «кә­сіпкерлер» қоғамдық пікірді өз мүд­де­сіне қарай бұрмалауға тырысады, шет­елде жатып алып, өздерін саяси ре­жимнің құрбаны етіп көрсетеді, «ин­вес­тор» ретіндегі құқығы тапталып жат­қа­нын айтады. Біз заң аясында адал диалог жүр­гізуге дайынбыз. Өйткені, ұста­ным­дарымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Қазақстан алдағы уақытта да заңдары инвесторларға қолайлы мемлекет ретін­дегі мәртебесін нығайта береді.

Сұхбатта Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Ресей басшысымен өткен кездесуі, салық реформасы және Президенттің өз денсаулығы туралы да айтылғаны белгілі болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий