Ақтаудағы дәрігерге шабуыл: баланың әкесі мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Ақтауда балалар ауруханасының дәрігеріне шабуыл жасалған оқиғадан кейін баланың әкесі мәлімдеме жасады. Ол жанжалдың неден шыққанын түсіндіріп, дәрігерлердің әрекетіне шағымданды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 31 қазанда Ақтау қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Балалар хирургі әрі онколог Қанат Измаилов пен науқас баланың әкесі арасында жанжал шыққан. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
Оқиғаның бейнежазбасын жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Кейін өзін Шаншархан Абдухалим деп таныстырған азамат жанжалдың себебін түсіндірген.
Оның айтуынша, өзі Жаңаөзен қаласының тумасы, үш баланың әкесі. 8 ай бұрын кенже баласын емдету үшін отбасымен Ақтауға көшкен.
19 қазанда екінші баласының іші ауырып, дене қызуы 39 градусқа көтерілген. Жедел жәрдем қызметкерлері соқырішек қабынуына күдіктеніп, баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізген.
Әкесінің айтуынша, ауруханада медициналық көмек көрсету ұзаққа созылған. Дәрігерлер баланың дене қызуын өлшеуге жарты сағаттан астам уақыт жұмсаған. Кейін ішін тексеріп, жел жиналғанын айтқан.
Қан талдауында лейкоцит көрсеткіші 21,5 болғанымен, баланы бірден ауруханаға жатқызбаған. Әкесінің сөзінше, дәрігерлер бастапқыда үйіне қайтуға кеңес берген.
Тек сағат 23:00 шамасында қайта талдау алынғаннан кейін баланы ауруханаға жатқызған.
«Менің балам түнімен 39 градус температурамен жатты. Таңертең сағат 08:30 шамасында басқа хирург келіп, ішін қарағаннан кейін бірден операция жасау керегін айтты. Балама операция жасалды, сәтті өтті. Аллаға шүкір, мен үшін ең бастысы баламның амандығы», деді азамат.
Оның айтуынша, операциядан кейін Қанат Измаилов кенже баласына қатысты дөрекі сөйлеп, отбасына қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл туралы ер адам кейін білгенін айтады.
31 қазанда баласының іші қайта ауырған соң, оны ауруханаға алып барған. Сол жерде дәрігермен қайта кездескен. Әкесінің сөзінше, дәрігер оған мысқылдап сөйлеген. Осыдан кейін арада жанжал шыққан.
Отбасы баланың алғашқы тексеру кезінде неге дұрыс диагноз қойылмағанын анықтауды сұрайды. Олар дәрігерлердің әрекетін жан-жақты тексеріп, заң аясында баға беруді талап еткен.
Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Соңғы жаңалықтар