Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған өрттен кейін жанармай бекетінің иесі ұсталды

20.06.2026 12:22 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған өрттен кейін жанармай бекетінің иесі ұсталды
245
Фото: Казинформ
Ақтөбедегі жанармай бекетіндегі өрттен кейін қылмыстық іс қозғалды

Ақтөбе облысының полициясы автогаз құю станциясы аумағында көліктің өртенуі салдарынан үш адамның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның мәліметінше, аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 281-бабы – «Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

Тергеу аясында автогаз құю станциясының иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 19 маусым күні сағат 22:55 шамасында Ақтөбе қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде болған. Өртке оранған көліктің ішінен бір әйел мен екі кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Сондай-ақ денесінің күйік шалған ер адам ауруханаға жеткізілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий