«Бәрін ұрған»: Жамбылда қаза тапқан оқушының әкесі оқиғаның мән-жайын айтты

07.10.2026 • 09:25 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Бәрін ұрған»: Жамбылда қаза тапқан оқушының әкесі оқиғаның мән-жайын айтты
1154
Фото: Информбюро 31

Жамбыл облысы Байзақ ауданында қаза тапқан 15 жастағы Миятбек Ерсейіттің жақындары сол күні бірнеше бала соққыға жығылғанын мәлімдеді. Отбасы тергеудің әділ жүргізілуін сұрап отыр, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Ботамойнақ ауылында болған. 10-сыныпта оқитын Миятбек Ерсейіт пен күдікті бір лицейде оқыған, отбасылары да көрші тұрады. Қазір 16 жастағы, 11-сыныпта оқитын күдікті қамауда.

Марқұмның әкесі Ертай Қонысбаевтың айтуынша, ұлы көкірегінен алған соққыдан шалқасынан құлап, есін жимаған.

«Бәрін ұрған, құламаған. Ең соңында менің балам тұрған. Ол телефонын шұқылап тұрған. Өзі арық, ұзын бойлы, жіңішке бала болатын. Көкірегінен ұрған кезде шалқасынан құлаған. Бұлар талып қалды ма деп, көршінің үйінен су алып келіп, су шашқан. Отырғызған, тұрғызған. Балам оянбаған. Сөйтіп жарыққа шығарған да, “стадионда құлап қалды” деп жедел жәрдем шақырған да, қашып кеткен», — деді ол.

Әкесі оқиға орнына жеткенде баласының денесі әлі жылы болғанын, оны көтеріп, есін жиғызуға тырысқанын айтты. Алайда келген жедел жәрдем қызметкерлері оның қайтыс болғанын хабарлаған.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, балалар сол күні футбол алаңына жиналған. Қараңғы түскенде жоғарғы сынып оқушылары кішілерді жинап, кезекпен ұра бастаған. Әкесі ауылда бұған дейін жанжал болмағанын айтқанымен, үлкендердің кіші балаларға күш көрсетіп, «тәрбиелеу» әрекеттері барын жеткізді. 

Анасы Айгүл Абзалиева ұлының момын болғанын, IT саласына қызыққанын айтты. Баланы жерлеуге ауыл тұрғындары жиналған, кейін отбасының үйіне ақсақалдар мен күдіктінің туыстары кешірім сұрап келген.

Анасы ауыл ақсақалдарының қайғылы жағдайдан кейін арағайындыққа түскеніне реніш білдірді.

«Негізі ауыл ақсақалдарының жүретін уақыты еді ғой, жүрмеді ғой осындайда. Ауылда жүрсе, осындай нәрсе болмайтын еді ғой. Баламызды жерледік, содан кейін ауыл ақсақалдары кешірім сұрап келіпті. Олардың кешірім сұрап келгені дұрыс емес еді», — деді Айгүл Абзалиева.

Сонымен бірге жақындары күдіктінің бұған дейін теріс қылығын байқамағанын, баласының өлімі абайсызда болды деп санайтынын және оған кешірім беретінін жеткізген. Алайда тергеу жалғасып жатыр.

Байзақ ауданы білім бөлімінің басшысы Құралай Өскенбекованың мәліметінше, жанжал түнгі сағат 22:00 шамасында болған, алған жарақатынан қайтыс болған оқушы 2011 жылы туған. Оқиғаға куә болған балалардан жауап алынған.

Полиция «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий