Бибісара азаматтығын ауыстыра ма – вице-министрдің мәлімдемесі елді елең еткізді 

26.06.2026 10:21 Әсел МҰРАТ
Бибісара азаматтығын ауыстыра ма – вице-министрдің мәлімдемесі елді елең еткізді 
196
Фото: ашық дереккөз

Парламент кулуарында туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қызу талқыға түскен танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның азаматтығына қатысты мәселеге нүкте қойды, деп хабарлайды Politico.kz.

Серік Жарасбаевтың айтуынша,шахматшының азаматтығын ауыстыру туралы ешқандай мәселе жоқ.

«Тағы да қайталап айтамын, министрліктің ұстанымы мен барлық сұрақтарға қатысты пікірімді осы мақсатта арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында білдірген болатынмын. Сол баспасөз мәслихатында айтқанымды тағы да қайталағым келеді. Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыру туралы ешқандай мәселе жоқ. Бұл мәселені кім көтергенін және не үшін талқылап жүргенін білмеймін. Бибісара Асаубаева – еліміздің нағыз патриоты. Ол – шахматта зор жетістіктерге жеткен көрнекті спортшы. Еліміздің тарихында алғаш рет шахматшы әлем чемпионатында қатарынан үш мәрте алтын медаль жеңіп алды. Сондықтан біз Бибісараға үлкен құрметпен қараймыз. Қаржылық мәселелерге қатысты айтылған барлық түйткілдер толықтай шешілді, бұл туралы да бұрын да хабарлаған болатынмын», -деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жақын арада Бибісараның Астанаға келуін күтіп отыр. Елордада шахматшы қызға салтанатты жағдайда мемлекет басшысы тағайындаған марапат табысталады.

Еске салайық, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрағаны хабарланған еді. Ол мемлекет басшысына видеоүндеу жолдап, қаржылай қиындықтарға тап болғанын айтты.

Шахматшы ел абыройы үшін жасаған еңбегінің бағаланбай жатқанын айтып, шағымданды. Бибісара қаржы жетіспей жүргендіктен маңызды жарысқа секунданттарын апара алмағанын да жеткізді.

Бибісараның сөзі қоғамда үлкен пікірталас тудырғаннан кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл баспасөз жиынын өткізуге мәжбүр болды. Аталған жиында вице-министр Серік Жарасбаев спортшының шағымын жоққа шығарып, Президент марапатының неліктен кешіккенін түсіндіре келе, қазіргі спортшылар ұлттық намыстан гөрі қаражатты бірінші орынға қояды деген пікір білдірген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий