Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжинирингке» қатысты таратқан ақпараты жалған болғанын мойындады

22.05.2026 08:58 Мөлдір Қайнар
Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжинирингке» қатысты таратқан ақпараты жалған болғанын мойындады
70
Фото

Журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның директоры Азамат Үсімбековке қатысты жариялаған ақпараттарының шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мойындады, деп хабарлайды Politico.kz.

Омарованың мәлімдеуінше, 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram-дағы 101tv.kz парақшасы мен «Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасында «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы «Ремстрой-1» жұмысшыларына Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысы бойынша ақша төлемей отыр деген ақпараттар жарияланған.

Алайда кейін журналист бұл мәліметтердің жалған болғанын мәлімдеді.

«Аталған ақпараттар шындыққа сәйкес келмейді», – деді Ботагөз Омарова.

Сондай-ақ ол компания басшылығының қатысуымен өзіне қарыздың жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілгенін, соған қарамастан жарияланымдарды жалғастырғанын мойындады.

«Маған “ВД Строй-Инжинирингтің” “Ремстрой-1” алдында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат жариялауды жалғастырдым», – деді журналист.

Ботагөз Омарова ақпарат тарату кезінде журналистиканың негізгі қағидаларын елемегенін де айтты. Оның сөзінше, бұған аудиторияның қызығушылығын арттыру және жаңа жазылушылар тарту ниеті себеп болған.

«Маған көбірек жаңа жазылушы жинау және аудиторияның қызығушылығын арттыру ниеті әсер етті», – деп мәлімдеді ол.

Журналист жарияланған материалдар компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін айтып, Азамат Үсімбековтен, компания құрылтайшыларынан және өз аудиториясынан ресми түрде кешірім сұрады.

«Бұл жарияланымдар “ВД Строй-Инжинирингтің” және оның құрылтайшыларының құқықтары мен іскерлік беделіне зиян келтірді. Сол үшін шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын», – деді Ботагөз Омарова.

Сонымен қатар ол Қылмыстық кодекстің жалған ақпарат таратуға қатысты 274-бабын бұзғанын түсінетінін айтып, әріптестерін ақпаратты мұқият тексеруге шақырды.

«Журналистерді кәсіби стандарттарды қатаң сақтауға және ақпаратты тексеруге немқұрайлы қарамауға шақырамын», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий