"Бұрын да сандырақтайтын". Төрт баласын суға ағызған әйел туралы тың дерек шықты

Тәжікстанның Фархор ауданында қайғылы оқиға орын алды: 27 жастағы келіншек өзенге төрт баласымен бірге секіріп кеткен.
Оқиға 30 маусымға қараған түні болған. Куәгерлер мен ресми деректерге сүйенсек, Мадина Халимова есімді әйел күйеуінің басқа әйелі барын естіп, қатты күйзеліске түсіп, кек алу мақсатымен өзіне және балаларына қол жұмсауға шешім қабылдаған. Алайда өзенге секірген келіншек аман қалып, төрт баласы – үш қызы мен екі айлық ұлы – мерт болды.
Фархордағы бұл оқиға көпшілікті дүр сілкіндірді. Ресми мәліметке сәйкес, келіншек алдымен екі баласын, кейін тағы екеуін суға лақтырып, артынан өзі секірген. Бірақ әйел жүзіп шығып, тірі қалған. Балалардың үлкені – бес жастағы қызы, ал кенжесі – небәрі екі айлық Мұхаммад есімді сәби болған.
Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бұл оқиғаға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Әйелдің күйеуі Кудратулло Шарифов болса, екінші әйел мәселесінің жалған екенін айтып, жұбайымен араларында жанжал болмағанын жеткізді. Ол 30 маусым күні таңертең тұрғанда әйелі мен балаларының үйде жоқ екенін байқап, іздеуге кіріскен. Сол сәтте әйелінің жазып қалдырған бірнеше хатын тапқан.
Хаттардың бірінде: «Латофаттың әкесі, мені кешір. Мен саған жақсы жар бола алмадым, саған қызмет ете алмадым», – деген сөздер жазылған.
Осыдан кейін күйеуі дереу туыстарына хабар беріп, полицияға арыз жазған. Кейін ағасының қоңырауы арқылы келіншектің табылғаны белгілі болады. Халимова полицияға берген түсініктемесінде түнде екі белгісіз ер адамның келіп, балаларды өзенге тастауды бұйырғанын айтқан. Күйеуінің айтуынша, ол бұған дейін де сандырақтап сөйлейтін, ал әйелдің ағасы да бұған дейін өзін-өзі өлтірген екен.
Қазір "адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сарапшылар мен тергеушілер келіншектің психикалық денсаулығын тексеріп, бұл әрекеттің себептерін терең зерттеуде.
Соңғы жаңалықтар





