Даудан кейін қызметінен кеткен Серік Сәпиевтің орнына жаңа басшы келді

27.04.2026 10:04 Арман Ермеков
Даудан кейін қызметінен кеткен Серік Сәпиевтің орнына жаңа басшы келді
371
Серік Сәпиевтің орнына Нұркен Нұратов келді. Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Қол астындағы қызметкерімен сөзге келіп қызметтен кетуге мәжбүр болған Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің орнына Қарағанды облысының спортын басқаратын жаңа адам тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Туризм және спорт министрлігі бұл лауазымға Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдады. Бұған дейін ол Алматы облысының олимпиадалық резерв даярлау орталығын басқарған.

Ведомствоның мәліметінше жаңа басшыны әуелі жергілікті әкімдік ұсынады, ал министрлік жанындағы арнайы комиссия оның тәжірибесі мен қабілетін тексеріп барып түпкілікті келісімін береді.

«Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Алматы облысының олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдады. Үміткердің спорт саласындағы кәсіби тәжірибесі, басқарушылық қабілеті және өңір спортын дамытуға қатысты ұстанымы комиссия тарапынан жан-жақты зерделеніп, оң шешім қабылданды», – деп хабарлады министрліктің ресми телеграм-арнасы.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың қаңтар айында сол кезде басқарманы басқарған Серік Сәпиев пен оның орынбасары самбодан Азия және әлем чемпионы Дәурен Есімхановтың арасында кикілжің туындап, оқиғаның видеосы желіде тарап кеткен еді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тексеріс жүргізіп, жұмыс орнындағы жанжалға олимпиада чемпионын кінәлі деп тапты.

Осыдан кейін Сәпиев ақпан айының басында өз еркімен арыз жазып, басқарма басшысы қызметінен кетті. Қазіргі уақытта ол туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі әрі ХХ жазғы Азия ойындарына дайындық штабының спорт бойынша үйлестірушісі қызметін атқарып жүр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий