Әділетхан Молдаханның апелляциялық соты қашан өтетіні белгілі болды
Заңгер блогер Әділетхан Молдаханның апелляциялық соты 22 қыркүйек күні өтеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай жазды.
«Әділетхан Молдаханның отбасы мен бауырлары апелляциялық сот қарсаңында сұхбат берді. Бірінші сатыдағы сот Әділетхан Молдаханды кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда оның жақындары тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Қорғау тарапы да үкімге апелляциялық шағым түсірген. Ал олардың өтінішіне апелляциялық сот қандай баға береді – оны сот шешеді. Апелляциялық сот отырысы 22 қыркүйек күні өтеді», - деп жазды журналист.
Еске салсақ, 2026 жылдың 31 наурызында әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан қамауға алынған еді. Артынша оған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты түсірген видеосы арқылы жалған ақпаратты таратты деген айып тағылғаны белгілі болды.
14 шілдеде заңгер блогер Әділетхан Молдахан Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі «Көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айыппен 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жылға әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынды.
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам көз жұмды.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
22 маусым күні сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Соңғы жаңалықтар