"Халық мұны сезініп отыр": Вице-президент Ерлан Қарин Тоқаев пен Құрылтайға ырзашылығын білдірді
Қазақстанның жаңадан тағайындалған вице-президенті Ерлан Қарин Құрылтай отырысында депутаттар мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында сөз сөйлеп, өзіне артылған сенім мен жауапкершілік туралы айтты.
Ол өз сөзінде соңғы жылдары елімізде жүргізілген ауқымды реформалар мен жаңғыруларға тоқталды.
«Құрметті Президент, құрметті Құрылтай депутаттары! Кейінгі 5-7 жылда еліміздің барлық саласында оң өзгерістер болды. Өзіңіз айтқандай, Қазақстан тұрақтала түсті және соңғы бес жылда айтарлықтай өзгерді. Халық мұны сезініп отыр», – деді Ерлан Қарин.
Вице-президент ел басшылығының қолдауымен тарихи өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтіп, Мемлекет басшысына сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіз жиі айтатын сөз бар: әрбір азамат үшін Отанға қызмет ету – үлкен бақыт және зор мәртебе. Кейінгі жылдары мұндай мәртебе менің де еншіме бұйырды. Сенім білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын. Қандай лауазымда болсақ та, міндетімізді адал атқарып, Отанға қызмет етуіміз керек, еліміздің игілігі үшін адал еңбек етуіміз қажет. Конституциялық құндылықтарды сақтау және оларды қоғамда іске асыру біз үшін басты мақсаттардың бірі», – деді ол.
Қарин жақында өткен сайлау мен конституциялық реформалар қоғамға үлкен оң өзгерістер әкелгенін атап көрсетті. Сонымен қатар ол жиынға қатысушыларды ортақ мақсат жолында бірге еңбек етуге шақырды.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, елімізде болып жатқан оң өзгерістер Отанымыздың игілігіне бағытталған. Құрметті депутаттар, сіздерді ортақ мақсаттарымызды ел игілігі үшін бірге іске асыруға шақырамын», – деді вице-президент.
Бұған дейін Ерлан Қариннің кандидатурасын Құрылтай талқылауына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Депутаттардың қолдауынан кейін Президент оны жаңа лауазымға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Соңғы жаңалықтар