«Халықты ақымақ қылуға болмайды»: Саясаттанушы «Әділет» партиясын қатаң сынға алды

03.07.2026 20:43 Қарақат АСЫЛОВА
«Халықты ақымақ қылуға болмайды»: Саясаттанушы «Әділет» партиясын қатаң сынға алды
400
Фото: Abai.kz
Саясаттанушы «Әділет» партиясының орыс тіліндегі шараларын сынға алды

Саясаттанушы Жанұзақ Әкім отандық партиялық жүйеге қатысты пікір білдіріп, «Әділет» партиясының қызметі мен ұстанымдарына сын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, партия жариялаған құндылықтар іс жүзіндегі әрекеттерімен үйлесуі тиіс.

Сарапшының сөзінше, партия өз бағдарламасында әділдік, патриотизм, еңбекқорлық және прогресс қағидаттарын негізге алғанымен, бұл ұстанымдар нақты жұмыстарда көрініс табуы қажет. Әсіресе, патриотизм ең алдымен мемлекеттік тілге деген құрметтен басталатынын айтты.

Жанұзақ Әкімнің пікірінше, партия съездері мен ресми іс-шараларының қазақ тілінде өткізілуі маңызды. Ол мемлекеттік институттардың қызметінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту басым бағыттардың бірі болуы керектігін атап өтті.

Саясаттанушы сондай-ақ қоғамның талап-тілегі өзгергенін айтып, саяси ұйымдар халықтың сеніміне ие болу үшін нақты ісімен ерекшеленуі қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, партия атауы мен атқарып жатқан жұмысы өзара сәйкес болуы тиіс.

Бұдан бөлек, сарапшы партиялардың сайлауалды бағдарламаларында адам капиталын дамыту, білім, денсаулық сақтау және инновация мәселелеріне басымдық беру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, цифрландыруды дамыту маңызды болғанымен, ол инновациялық экономиканы толық алмастыра алмайды. Сондықтан саяси күштер елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты әрі іске асатын бағдарламалар ұсынуы керек.

Войдите, чтобы оставить комментарий