«Інімізді 8-9 бала жабылып ұрған»: Ақтаудағы атышулы төбелеске қатысты күтпеген шындық айтылды

07.08.2026 11:25 Әсел МҰРАТ
«Інімізді 8-9 бала жабылып ұрған»: Ақтаудағы атышулы төбелеске қатысты күтпеген шындық айтылды
161
Фото: күдіктінің әпкесінің парақшасынан

Ақтауда 14 жастағы жасөспірімнің соққыға жығылуына қатысты қозғалған қылмыстық іс қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста, оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған күдіктінің әпкесі әлеуметтік желі арқылы өз шындығын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, отбасы болған оқиғаны ақтамайды және інісінің әрекеті үшін заң алдында жауап беруге дайын. Сондай-ақ ол жәбірленуші мен оның ата-анасынан кешірім сұрады. Алайда, әпкесі оқиғаның көпшілікке белгісіз тұстары бар екенін айтып, әлеуметтік желіде тек жанжалдың бір бөлігі ғана көрсетілгеніне наразылық білдірді.

Оның сөзінше, жанжалға дейін інісі мен оның досына сегіз-тоғыз жасөспірімнен құралған топ шабуыл жасаған. Мәлімдеуінше, сол топтың құрамында кейін соққыға жығылған 14 жастағы оқушы да болған.

Әпкесінің айтуынша, алғашқы төбелестен кейін шамамен бес-алты сағат өткен соң оның інісі әлгі топтағы балалардың бірін кездестіріп, жағдайды анықтау үшін сөйлеспек болған. Оның сөзінше, телефонды қарап шыққанда қарсы тараптың қайтадан топ жинап жатқанын көрген соң, эмоцияға беріліп, жәбірленушіге күш қолданған.

«Інімнің әрекетін дұрыс деп есептемейміз. Бірақ жанжалдың қалай басталғанын да ескерген жөн. Егер ол сол күні өзін қорғамағанда, жағдай қайғылы аяқталуы да мүмкін еді ғой», – дейді күдіктінің әпкесі.

Сондай-ақ ол алғашқы төбелестен кейін інісіне бас сүйегінің сынуы диагнозы қойылғанын мәлімдеді. Отбасының айтуынша, тергеу барысында дәрігерге уақытылы қаралуға мүмкіндік берілмегендіктен, жарақат кеш анықталған.

Осыған байланысты күдіктінің туыстары құқық қорғау органдарынан жанжалдың барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беруді және алғашқы шабуылға қатысқан барлық жасөспірімнің жауапкершілігін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ олар тергеу барысында медициналық көмек көрсетуге байланысты әрекет еткен жауапты тұлғалардың жұмысына да тексеру жүргізуді талап етті.

Еске салайық, бұған дейін 14 жастағы жасөспірімнің туыстары екі кәмелетке толмаған баланың оны ұрып-соғып, болған оқиғаны жәбірленушінің телефонына түсіріп алғанын мәлімдеген болатын. Кейін бұл видео оның досына «Сыртқа шықпасаң, сен де осындай күйге түсесің» деген қорқыту сипатындағы хабарламамен жіберілгені айтылды. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий