Karachaganak Support Service басшысы 948 млн теңге көлемінде алаяқтық жасағаны үшін сотталды

08.10.2026 • 20:21 Қарақат АСЫЛОВА
Karachaganak Support Service басшысы 948 млн теңге көлемінде алаяқтық жасағаны үшін сотталды
330
Фото: Politico.kz

Орал қалалық соты Karachaganak Support Service (KSS) компаниясының басшысы Барлық Мендыгазиевті аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот мәліметінше, Мендыгазиев АҚШ-та жүрген кезінде KSS-тің жаңа директорын «ТеңізШевройл» компаниясымен келісімшартты ұзарту үшін арнайы жабдық сатып алу қажет екеніне сендірген. Алайда бұл себеп шындыққа сәйкес келмеген.

Валюта бақылауын айналып өту үшін қаражат пайызсыз қарыз ретінде рәсімделген. Нәтижесінде бірнеше траншпен жалпы сомасы 2,2 млн доллар, яғни шамамен 948,3 млн теңге Мендыгазиевтің бақылауындағы америкалық KSS Charlotte LLC компаниясының шотына аударылған.

Сот шешімімен Барлық Мендыгазиевке сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұған дейінгі үкім ескеріліп, оның түпкілікті жазасы 10 жыл болып белгіленді. Сонымен қатар оған үш жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылданып, сотталған азаматқа KSS компаниясына келтірілген 2,2 млн доллар көлеміндегі шығынды өтеу міндеттелді.

Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Мендыгазиев салық төлеуден жалтару, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ ақшаны жылыстату баптары бойынша 10 жылға сотталған болатын.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий