Мәһрге қымбат көлік сұраған қызды жігіт мешітте тастап кетті
Мешітке неке қиюға келген жас жұбайлар рәсім барысында-ақ екі жаққа кетті. Қалыңдықтың мәһрге қойған талабы күйеу жігітке ауыр тиіп, ол еш түсініктеме берместен мешіттен шығып кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға туыстарының көзінше, той көйлегіндегі қалыңдық үшін күтпеген жағдайға айналған. Неке қию сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Бейнежазбада имам жас жұбайларға мәһрдің мәнін түсіндіріп, оның ең төменгі мөлшері шариғат бойынша 4,25 грамм алтын, яғни шамамен 150 мың теңге екенін айтады. Осы тұста қалыңдық өзінің талабын ашық жеткізеді.
«Маған мәһрге Changan көлігі керек», – дейді ол.
Бұл сөзден кейін күйеу жігіт орнынан тұрып, ештеңе деместен бөлмеден шығып кетеді. Оның бұл әрекеті жиналғандарды да, қалыңдықтың өзін де аң-таң қалдырған.
Оқиға желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Бірі қалыңдықтың талабын шамадан тыс деп сынға алса, енді бірі жігіттің әрекетін жауапкершіліктен қашу деп бағалады. Ал кейбірі «мәһр – сауда емес, ниет» екенін алға тартуда.
Кейін бейнежазба жарнама екені белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар