«Мүмкін, клоун келген шығар»: «Астана» мен «Қайрат» бапкерлері сөзге келіп қалды

18.09.2026 19:10 Қарақат АСЫЛОВА
«Мүмкін, клоун келген шығар»: «Астана» мен «Қайрат» бапкерлері сөзге келіп қалды
340
Видеодан кадр

«Астана» мен «Қайрат» арасындағы матчтан кейін екі команданың бас бапкері баспасөз мәслихатында сөз қағыстырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға ел чемпионатының 27-турындағы елордалық клубтың 1:0 есебіндегі жеңісінен кейін болды.

Ойыннан соң журналистер алдына шыққан «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин көпшілікке күтпеген қысқа мәлімдеме жасап, кейін баспасөз мәслихатынан шығып кеткен.

«Мен көп сөйлемеймін. Бір ғана сөз айтамын да, кетемін. Шапито! Рақмет», – деді ол.

Оның бұл сөзі «Астана» бас бапкері Григорий Бабаянның реакциясын туғызды. Бабаян екі маман арасында бұған дейін де түсініспеушілік болғанын айтып, әріптесінің әрекетін сынға алды.

«Біздің мамандығымыз оңай емес, ең күрделі кәсіптердің бірі. Сондықтан бір-бірімізді қолдауымыз керек. Бірақ ондайды көрмедім. Қазір ол “шапито” дейді. Мүмкін, өзін айтып тұрған шығар. Білмеймін. Мүмкін, клоун келген шығар», – деді Бабаян.

Айта кетейік, «Астана» бұл жеңістен кейін 48 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Ал «Қайрат» 57 ұпаймен екінші орында тұр.

Войдите, чтобы оставить комментарий