Қанат Бозымбаев Каспийдегі қайғылы оқиға қатысты мәлімдеме жасады
Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткен тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқанын жеткізді.
Президенттің тапсырмасымен болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылған. Сонымен қатар құзырлы органдар қылмыстық істер қозғаған.
«Тергеу барынша мұқият, жан-жақты және қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы жағдайға кінәсі бар әрбір лауазымды тұлға заңға сәйкес қатаң жазаға тартылады», – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьердің мәлімдеуінше, мемлекет қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларын қолдаусыз қалдырмайды. Әр отбасыға елеулі материалдық көмек көрсетіліп, қажетті қолдау шаралары ұйымдастырылады.
Қанат Бозымбаев тергеу барысы мен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмыстарын жеке бақылауында ұстайтынын айтты.
Соңғы жаңалықтар