Құдыққа құлаған телефонды алмақ болған үш ер адам қайтыс болды

Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Нагла Похпи ауылында үш ер адам ескі құдықтан смартфонды алмақ болып, қайтыс болды. Бұл туралы ETV Bharat басылымы хабарлады.
Қайғылы оқиға смартфонды қолданған Дхрув есімді жас жігіттен басталған. Ол ескі құдықтың шетінде отырып телефонмен ойнап отырған кезде, гаджет қолынан түсіп, құдыққа құлап кеткен. Дхрув оны шығарып алмақ болып құдыққа түскен, алайда қайта көтеріле алмай қалған.
Оның жанында болған достары — Аджай мен Чандравир — Дхрувтың ұзақ уақыт оралмағанына алаңдап, бірінен соң бірі құдыққа түсіп, оған көмектеспек болған. Алайда олар да қайта шықпаған.
Жас жігіттердің жоғалғанын көрші егістікте жұмыс істеп жүрген ауыл тұрғыны байқап, дереу олардың отбасына және полицияға хабар берген
Құтқару операциясы қиын жағдайда өтті. Бір өрт сөндірушінің баллонындағы оттегі таусылып, оны шұғыл түрде жоғарыға көтеруге тура келген. Жалпы алғанда, операция үш жарым сағатқа созылды.
Құтқарушылар үш жігіттің денесін құдықтан шығарып, оларды бірден Шикохабадтағы аудандық ауруханаға жеткізді. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.
Алдын ала болжам бойынша, олардың үшеуі де құдықтың ішінде жиналған улы газдан уланып, есінен танып, қайтыс болған.
Соңғы жаңалықтар




