Қытай туын өртеген 19 белсендіге сот үкімі шықты
Талдықорған соты Қытайға қарсы акция өткізген 19 белсендіні кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Азаттық Радиосына» сілтеме жасап.
13 сәуірде шыққан шешімге сай сот "Атажұрт" қозғалысының мүшелері мен жақтастарын ұлтаралық араздықты қоздырды деген айыппен түрлі мерзімге жазалады.
Судья ұйым жетекшісі Бекзат Мақсұтхан бастаған 11 адамды 5 жылға бас бостандығынан айырды. Олардың ішінде Тұрсынбек Қаби, Еркінбек Нұрақын, Ербол Нұрлыбаев, Марғұлан Нұрданғазы, Қуандық Қосжанов, Бақытжан Шұғыл, Батылбек Байқазы және Ерғали Нұрлыбаев бар. Сондай-ақ сот Гүлдария Шеризат пен Гүлнәр Шаймұратқа 5 жылдық түрме жазасын бергенімен, кәмелетке толмаған балалары болғандықтан бұл шешімді орындауды кейінге қалдырды.
Қалған азаматтар бас бостандығын шектеу жазасын алды. Ұйым заңгері Нәзигүл Мақсұтхан, Беделхан Қабыләшім, Нұркелді Нұрсапа және Ақжігіт Бейсенәлі 4 жыл 8 айға сотталса, Қанат Тұрдыбай, Асылхан Қолхаев, Аян Қалымбек пен Бақытнұр Нұрмұқанның бостандығы 5 жылға шектелді. Судья Ақжігіт Бейсенәлі мен Бақытнұр Нұрмұқанды сот залынан босатып, үйлеріне жіберді. Үкімге сәйкес сот барлық 19 адамға 3 жыл бойы қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға қатаң тыйым салды.
Қылмыстық іске 2025 жылдың қараша айында Алматы облысының Қалжат ауылында болған наразылық шарасы себеп болды. Сол кезде жиналған топ Қытай туы мен төраға Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңдағы қазақтарды босатуды талап еткен. Бұған қоса олар екі ел арасындағы визасыз режимді жойып, Қытайда ұсталған Қазақстан азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды елге қайтаруды сұрады. Сыртқы істер министрлігі 48 жастағы азаматтың Қытай паспортынан бас тартпағанын ескертіп, қос азаматтыққа заңмен тыйым салынғанын мәлімдеді.
Оқиғадан кейін полиция 20 шақты адамды ұстап, алдымен оларға әкімшілік жаза қолданды. Кейін тергеушілер бұл әрекетті ұлтаралық араздықты қоздыру деп бағалап, істі қылмыстық бапқа ауыстырды.
Тергеушілер айыптау актісінде белсенділерді масс-медиа арқылы Қытай ұлтының ар-намысын қорлау мақсатында ұйымдасып жиналды деп айыптаған. Полиция қамауда отырғандарды сот залына әкелмеді, сондықтан шешімді тек үйқамақтағылар келіп тыңдады. Наразы топтың туыстары ғимарат сыртында жиналып, үкіммен келіспейтіндіктерін білдірді.
Құқық қорғаушылар бұл істің саяси астары бар деп санайды. Олар сурет пен туды өртеуді бүкіл халыққа емес, тек биліктің саясатына бағытталған қарсылық деп бағалады. Халықаралық ұйымдар мен АҚШ конгресінің өкілі Джеймс Макговерн Қазақстан билігінен белсенділерді босатуды сұрады.
Соңғы жаңалықтар