Шаханов пен Рахмоновтың атынан жалған ақпарат таратқан алаяқтар туралы министр шұғыл үндеу жасады
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде тараған жалған мәлімдемелерге қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан тарихи кезеңде кейбір желі қолданушылары жағдайды ушықтыруға тырысуда.
«Біз бүгінде еліміздің алдағы даму бағыты айқындалатын тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаңа Конституция жобасын талқылау – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғаға айналды.
Өкінішке қарай, кейбір әлеуметттік желі қолданушылары жағдайды теріс мақсатта пайдаланып, еліміздегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге баруда. Арандатушылар негізсіз ақпарат таратып, жалған парақшалар мен аккаунттар ашқан (мысалы, Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де тұлғалардың атынан ашылған фейк-аккаунттар арқылы тіл, жерді сату секілді мәселелер бойынша арандатушылық ақпарат пен үндеулер жариялануда).
Сондай-ақ, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таратылып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру фактілері де кездесуде.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны туралы да хабарлар түсіп отыр. Қазіргі уақытта уәкілетті орган ретінде біз бұл жағдайды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз.
Осыған байланысты тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге және жалған мәліметтерді таратпауға шақырамын. Жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады», – деп жазды Аида Балаева.
Жақында ғана ақын Мұхтар Шаханов өз атынан тараған ақпаратты теріске шығарып, бейнеүндеу жариялаған еді. Ал UFC файтері Шавкат Рахмонов әлеуметтік желіде өз атынан фейк парақша ашылғанын мәлімдеген болатын.
Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов те бұл мәселеге назар аударған. Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне жалған мәлімет таратқандарды анықтап, оларды заң аясында қатаң жазалауды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар