"Шоу деп ойлайды": Қарағандыда депутат құтқарған ер адам көз жұмды

Қарағандыда депутат өрттен алып шыққан ер адам көз жұмды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
17 қазанда Қарағандыдағы өрттен депутаттың көмегімен құтқарылған ер адам ауруханада қайтыс болды. Денесінің 90 пайызын күйік шалған азамат есін жимастан, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл суық хабарды оқиғаның куәгері болған журналист Иван Стрижаков жеткізді.
Журналисттің айтуынша, марқұмның аты-жөні Ярослав, ол 44 жаста болған. Оның мүгедектігі бар анасынан басқа ешкімі жоқ екені және отбасының жерлеу рәсімін өткізуге де қаражаты жоқ екені белгілі болды.
Иван Стрижаков бұл оқиғаға қатысты қоғамның реакциясына қатты қынжылғанын жасырмады.
«Мені ең қатты таңғалдырғаны басында бұл оқиғаны қойылым деп, шоу жасады деп күліп, жағымсыз пікір жазған адамдар болды. Құдай бізге төреші, бірақ, достар, адамдарға мейірімдірек болу керек деп ойлаймын... Бұл оқиға жаман аяқталды. Енді ештеңе түсірмеймін», – деді журналист.
Стрижаковтың сөзінше, қазір депутат Равиль Садықов екеуі марқұмның отбасына көмектесу жолдарын қарастырып жатыр.
Еске сала кетейік, 17 қазан күні Қарағандының Майқұдық ауданындағы гараждар маңында қалың құрғақ шөп өртенген болатын. Оқиға орнында кездейсоқ болып қалған қалалық мәслихат депутаты Равиль Садықов жалынның ішінен адамның дауысын естіп, оны дереу оттан алып шыққан еді.
Соңғы жаңалықтар





