«Шыдамай қатты жыладым». Қандас Қазақстандағы қағазбастылықтан әбден мезі болғанын айтты

08.07.2026 20:45 Қарақат АСЫЛОВА
«Шыдамай қатты жыладым». Қандас Қазақстандағы қағазбастылықтан әбден мезі болғанын айтты
164
Фото: Видеодан кадр

Қытай Халық Республикасындағы бар жиған-терген дүние-мүлкін біржола сатып, атамекенге қоныс аударған қандасымыз Пәтигүл Әлімқожақызы бүгінде Қазақстан азаматтығын ала алмай, тығырыққа тірелгенін жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол басынан өткен осы бір ауыр тауқымет пен қиындықтарды «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында ашық баяндады. Сондай-ақ кейіпкер құжат реттеу барысында екі ортада жүрген делдалдардың арбауына түсіп, алаяқтардың құрбаны болғанын да жасырмай айтып берді.

«Біз Қытай Халық Республикасынан, соның ішінде Құлжа қаласы, Күнес ауданы деген жерден келіп жатырмыз. Осы жаққа отбасымызбен бірге көшіп келдік. Нақтырақ айтсам, 2025 жылғы 30 қазанда табанымыз тиді. «Қазақ елім — өз жұртым, атамекенім — өз бесігім» деген асқақ сезіммен екі баламызды алып, ат басын бұрдық. Қасымызда әкем мен шешем бар. Жастары 70-ке келген қарт адамдар болғандықтан, ең құрығанда сол кісілерге ықтиярхат алып берсек деген ниетіміз бар еді. Ал өзімізге келсек, «туған жердің топырағына аунап, еңбек сіңірсек, екі баламыз осы елдің суын ішіп, нанын жеп, осы мемлекеттің дамуына үлес қосса» деген мақсатпен келгенбіз», — деді Пәтигүл Әлімқожақызы.

Кейіпкер атамекенге келгенде қандастарға емтихан тапсыру міндеттелетін жаңа пилоттық жоба туралы мүлдем бейхабар болғанын, бұл хабарды бір-ақ түнде естігенін айтады. Тосыннан шыққан заң талабына төтеп бере алмай, дәрменсіз күй кешкен ол Көші-қон полициясы ғимаратының алдында өзін ұстай алмай, егіліп жылап жібергенін бөлісті.

«Содан бері, жаңағы Бәтигүл әпкеміз айтқандай, миллиондаған қаражатымыз шығын болды. Ол жақтан жасалатын құжаттарды реттейміз деп жүріп, делдалдарға алданып, ақшамыздан қағылдық. Одан қалды, бұл жақтағы апостиль аудармаларын жасаттық. Заңды, жүйені білмегендіктен, небір қиындықтарды бастан өткеріп, әйтеуір бәрін ретке келтіріп, қандас мәртебесін де алдық. Бұл жақта жолдасымның туған інісі — қайным тұрады. Соның үйіне тіркеуге тұрған едік. Қандас куәлігін қолымызға алып, қажетті құжаттардың бәрін пәленбай ақша шығарып дайындап болған соң, 17 ақпан күні таңертең Қаскелең қаласындағы көші-қон полициясына бардық. Кезекке алдыңғы күні түнгі сағат 11-ден бастап тұрған едік. Таңертең ішке кіргенімізде, мамандар: «Кеше кешкісін, яғни 16 ақпан күні сағат 19:00-де заң өзгеріп кетті», – деді. Сол жерде шыдамай, жылап жібердім. Шынымен қатты жыладым. «Бұл жерде не істеп жүрмін? Бұл өзгерісті неге алдын ала ескертпеген? Бұл пилоттық жобаның қандастарға ешқандай қатысы жоқ еді ғой» деп налыдым. Дәл осылай жылап, не істерімді білмей тұрған сәтте Бәдигүл әпкеммен таныстым. Ол кісі де: «Енді қайда барамыз? Ол жақтағы дүние-мүлікті сатып, біржола көшіп келдік қой», – деп мұңын шақты», — дейді қандас.

Сөз арасында ол өзінің кезінде төте жазумен білім алғанын, сол себепті дәл қазіргі уақытта кирилл графикасында емтихан тапсыру өзіне де, отбасына да өте ауыр соғып, үлкен қиындық тудырып жатқанын алға тартты.

«Бәдигүл әпкемен танысқан соң, басымдағы бар жағдайды айтып бердім. Осылайша екеуміз бірге жүрміз. Қандас мәртебеміз бар, 028-анықтамасын да алдық. Емхананың медициналық тексерістерін толық түсіне бермесек те, бәрінен өттік. Бірақ қазір «тест тапсырасыңдар» деп жатқандары бізге ауыр тиіп тұр. Біз кезінде Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған төте жазумен оқыдық қой. Қазақша сөйлегеніміз болмаса, мұндағы кирилл графикасын жақсы білмейміз. Екі баламыз осы жақта оқып жатыр, ал өзіміз бұл жақтың жүйесінен бейхабармыз. Сонда да емтиханнан әйтеуір сүріне-қабына жүріп, алғашқы кезеңінен өттік. Бірақ алдағысынан өте аламыз ба, жоқ па — белгісіз. Емтиханнан құлап жатқандар өте көп. Шыны керек, бойымызды қорқыныш билеп, әрең өттік», — деді Пәтигүл Әлімқожақызы. 

Войдите, чтобы оставить комментарий