Шымкентте әйеліне қышқыл шашқан еркек жеңіл жазамен құтылуы мүмкін

18.08.2026 09:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шымкентте әйеліне қышқыл шашқан еркек жеңіл жазамен құтылуы мүмкін
319
Фото: әлеуметтік желіден

Шымкентте бұрынғы күйеуі бетіне қышқыл шашып жіберген әйелдің ісі Қылмыстық кодекстің 107-бабымен тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша күдікті "денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтірді" деп танылып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Полиция өкілдері қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның қорытындысы бойынша оқиғаға нақты құқықтық баға берілмек.

Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін күдіктіге бірнеше жаза қарастырылған. Ол 1000 АЕК көлемінде немесе 2026 жылғы есеп бойынша 4 325 000 теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Сонымен қатар 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы ықтимал. Егер қылмыс ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза мерзімі үш жылға дейін ұзарады.

Мұндай жағдайларға екі немесе одан да көп адамға, дәрменсіз күйдегі немесе қылмыскерге материалдық тұрғыдан тәуелді адамға қатысты әрекеттер жатады. Сонымен қатар аса қатыгездікпен, бұзақылық ниетпен немесе алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жасалған қылмыстар да осы санатқа кіреді. Бұдан бөлек әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік мотивімен жасалған әрекеттер үшін жаза қатаңдатылады. Қылмыс бірнеше рет қайталанған болса, сондай-ақ кәмелетке толмағаны белгілі адамға қарсы жасалған жағдайда да жауапкершілік күшейеді. Адамның қызметтік немесе қоғамдық борышына байланысты оның өзіне және жақындарына қарсы жасалған қылмыстар да ауырлататын мән-жай саналады.

Алайда полиция тергеудің 107-баптың нақты қай бөлігімен жүріп жатқанын ашып айтпады.

Еске салайық, Шымкенттегі шабуыл 2 тамыз күні болған. Полицияның мәліметінше бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырып, үстіне белгісіз сұйықтық төгіп қашып кеткен. Күдікті сол күні Алматыда табылып, бірден қамауға алынды.

Бұл оқиға туралы бұған дейін «НеМолчиKZ» қоры толығырақ ақпарат таратқан болатын. Ұйымның мәліметіне сүйенсек, жұп осыдан бес жыл бұрын ажырасып кеткен. Кейін әйел алимент төлеу жөнінде өтініш берген. Қоғам белсенділерінің айтуынша бұрынғы күйеуі бұл талаптан бас тартуды талап етіп, оны үнемі қорқытып келген.

Шабуыл жасалар алдында сұлулық салонында жұмыс істейтін жәбірленушіге жаңа нөмірден хабарлама келген. Белгісіз адам өзін клиент ретінде таныстырып, кешкі уақытқа қабылдауды сұраған. Қор өкілдері ер адам осылайша бұрынғы әйелін алдап далаға шығарған деп есептейді.

«НеМолчиKZ» қорының ақпараты бойынша көшеде аңдып тұрған күдікті әйелдің үстіне қышқыл шашып жіберген. Салдарынан жәбірленушінің беті, мойны, қолдары, кеудесі мен арқасы және иығы қатты күйіп қалған. Енді оған бірнеше ота жасалып, тері ауыстыру қажет болуы мүмкін. Қоғам белсенділері бұл істі "аса қатыгездікпен адам өлтіруге оқталу" бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий