Шымкентте бетіне қышқыл шашылған келіншек алғаш рет сұхбат берді (ВИДЕО)

17.08.2026 09:49 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте бетіне қышқыл шашылған келіншек алғаш рет сұхбат берді (ВИДЕО)
200
Коллаж Politico.kz

Шымкентте бұрынғы азаматтық күйеуі бетіне қышқыл шашқан әйел мен оның анасы алғаш рет үнсіздікті бұзды. Олар 31 арнаның Информбюро бағдарламасына сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Politico.kz.

Келіншек сұлулық салонында жұмыс істейді. Шабуыл жасалған күні бұрынғы күйеуі клиент әйелдің атынан хат жазып, қызмет алуға тіркелген. Осылайша ол жәбірленушіні алдап далаға алып шыққан. Көшеде аңдып тұрған ер адам оның үстіне қышқыл шашып жіберген.

Ерлі-зайыптылар осыдан 5 жыл бұрын ажырасып кеткен. Алайда әйелдің сөзінше ер адам оны үнемі қызғанып, соңынан қалмаған. Тіпті оның атына несие рәсімдеп, қарызды жәбірленушінің өзі төлеуге мәжбүр болған.

«Ол менің бет-ауызымды құртып, мүгедек қыламын деп қорқытатын. Мұның бәрі алдын ала жоспарланған. Мен оған емделу керек екенін, басы дұрыс істемейтінін және өзін оғаш ұстайтынын айтқанмын. Есі дұрыс адам баласының көзінше анасын қылғындырмайды», – деді жәбірленуші.

Әйел бұған дейін де денесінде көгерген іздермен жиі жүргенін жасырмады. Бірақ ол жағдайдың мұншалықты ушығып кететінін күтпеген. Қазір оның басы, беті, мойны, кеудесі, қолдары, арқасы мен иығы қатты күйген. Енді ол ұзақ уақыт емделіп, тері ауыстыру отасы мен оңалтудан өтуі тиіс.

Жәбірленушінің анасы да анонимді түрде сұхбат берді. Ол күдіктінің бұл шабуылға мұқият дайындалғанына сенімді. Анасының айтуынша ер адам өзіне зақым келтірмеу үшін қышқыл, қолғап және қорғаныш костюмін тауып алған.

«Қызымның айтуынша ол комбинезон мен шлем киіп алған. Құқық қорғау органдары мұны ауыр дене жарақатын салу деп бағалап отыр. Бірақ ол қызымды өлтіруге әдейі барған. Ол қышқылды, шлемді, комбинезон мен қолғапты алдын ала дайындап қойған. Яғни ол адам өлтіруге алдын ала дайындалған», – деді зардап шеккен әйелдің анасы.

Шабуылдан кейін күдікті қашып кеткен. Оны полиция қызметкерлері Алматы қаласында ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ер адам қамауға алынды.

Осы оқиға туралы алғаш болып «НеМолчиKZ» қоры хабарлаған еді. Алдын ала болжам бойынша жанжалға алимент төлеу мәселесі себеп болуы мүмкін. Қор өкілдерінің мәліметінше іс "қасақана денсаулыққа зиян келтіру" бабы бойынша қозғалған. Алайда олар бұл істі "аса қатыгездікпен адам өлтіруге оқталу" бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий