Сот: Бажкенова компаниядан ұрлаған ақшаға баласының оқу ақысын төлеп келген

18.08.2026 18:06 Қарақат АСЫЛОВА
Сот: Бажкенова компаниядан ұрлаған ақшаға баласының оқу ақысын төлеп келген
334
Фото: Facebook.com/@Гульнара Бажкенова

Бүгін 8 жылға сотталған Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова компанияның 88 млн теңгеден астам қаражатын жымқырып, бірнеше рет жалған ақпарат таратқан. Бұл туралы Алматы қаласының соттары хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Сот мәліметіне сүйенсек, журналист 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың желтоқсаны аралығында «OrdaMedia.kz» ЖШС басшысы болған. Ол осы қызметін пайдаланып компания есепшотынан 88 144 127 теңгені заңсыз иемденген. Бұл қаражатты ол өзінің бақылауындағы жеке кәсіпкердің есепшотына жалған жарнамалық, кәсіби және ғылыми қызметтер үшін аударып отырған. Сондай-ақ жымқырылған ақшаға ұлының халықаралық жекеменшік мектептегі оқу ақысын төлеген.

Бұдан бөлек ол кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген. Сөйте тұра Алматы қаласында пәтер сатып алу және сатумен айналысып, салық төлеместен 121 200 000 теңге табыс тапқан.

Қылмыстық істің келесі бөлігі жалған ақпарат таратуға қатысты. 2024–2025 жылдары ол адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, интернет пен әлеуметтік желілерде 8 рет жалған ақпарат жариялаған.

Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде басылым сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің, кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің және ҰҚК жоғары лауазымды қызметкерлерінің ұсталғаны туралы жазған. Билік бұл ақпаратты жоққа шығарғанымен, сол кездегі редакция өз сөзінің растығын алға тартқан еді.

Осындай әрекеттердің салдарынан азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің мүддесіне айтарлықтай зиян келген.

Журналист осы жағдайлардан кейін 2025 жылдың 1 желтоқсанында ұсталып, үйқамаққа алынды.

Осылайша сот оны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп таныды. Олардың қатарында 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы, 214-баптың 2-бөлігінің 2-тармағы және 274-баптың 2-бөлігінің 1, 3-тармақтары бар. Бұл баптар сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, заңсыз кәсіпкерлік және көрінеу жалған ақпарат таратуды көздейді.

Нәтижесінде ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған қоса 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары, блог жүргізу, қоғамдық шаралар мен басшылық қызметпен айналысу құқығынан қағылды. Алайда оның 14 жасқа толмаған баласы бар болғандықтан, жазаны өтеу уақыты 2 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сотталушыдан материалдық шығын ретінде 95 992 350 теңге өндіріледі. Бұған қоса ол 2 879 770 теңге мемлекеттік баж салығын және жәбірленуші тараптың заңгерлік қызметі үшін 6 800 000 теңге төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий