Сотталғандарды азаптады деп істі болған 12 түрме қызметкерлері ақталып шықты (ВИДЕО)
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Алқабилер алқасының шешімімен олардың барлығы тағылған айыптан толықтай ақталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тергеу органдары колония қызметкерлерін Атбасар қаласындағы мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтарға тыйым салынған ықпал ету әдістерін қолданды деп айыптаған еді. Нақтырақ айтқанда оларға Қылмыстық кодекстің 146-бабы, яғни «Азаптау» бойынша айып тағылды.
Алайда сот талқылауының қорытындысы бойынша алқабилер қылмыстық оқиғаның болмауына және айыпталушылардың кінәсіздігіне тоқталды. Кеңесу бөлмесінде өткен жасырын дауыс беру рәсіміне он алқаби мен бір судья қатысты. Заң талабына сай, олардың әрқайсысының дауысы тең дәрежеде есептелді және ешкімге артықшылық берілген жоқ.
Нәтижесінде сот үкімімен мекеменің 12 өкілі де кінәсіз деп танылды. Енді олардың оңалту құқығын, яғни заңсыз қудалауға ұшырағаны үшін мемлекеттен өтемақы талап ету мүмкіндігін пайдалануға хақысы бар. Әзірге сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұл істің тарихы 2023 жылдың тамыз айынан бастау алады. Сол тұста Атбасар колониясындағы сотталушыларды аяусыз ұрып-соққан бейнежазба тарап, қоғамда үлкен дау тудырған болатын. Жәбірленушілер қатарында саяси белсенді Тимур Дәнебаев та бар еді. Сол кезде мекемеге келген ондаған адам өздерін 25 қызметкердің ұрып-соққанын мәлімдеген.
Бұл іс сотта осымен екінші рет қаралып отыр. 2025 жылдың ақпан айында дәл осы сотта алқабилер айыпталушыларды бір рет ақтап шығарған. Алайда прокуратура үкімге наразылық білдіріп, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойғызған болатын. Кейін іс жаңа құрамда қарауға қайтарылғанымен, нәтиже өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте саяси белсенді Тимур Дәнебаев бостандыққа шыққан болатын.
Соңғы жаңалықтар