“Телефонға түсіріп, күліп тұрған”: Астанада жасөспірімдер ерекше баланы тұншықтырып, ұрып соққан

24.05.2026 16:23 Қарақат АСЫЛОВА
“Телефонға түсіріп, күліп тұрған”: Астанада жасөспірімдер ерекше баланы тұншықтырып, ұрып соққан
460
Ашық дереккөз
Астанада ерекше балаға қатарластары шабуыл жасаған

Астанада ерекше білімді қажет ететін оқушы қатарластарының шабуылына ұшырады, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.

Оқиға мектептен кейін болған. Баланың анасының айтуынша, ұлы сабақтан шыққан кезде оны бірнеше жасөспірім күтіп тұрған. Ауызша жанжалдан кейін оқушыны соққыға жыққан.

«Ұлым сыныптан шыққан кезде артынан келіп, тұншықтырып, ұра бастаған. Оған 15-тен астам соққы жасалды. Басқалары жанында тұрып, ешкімнің араша түсуіне мүмкіндік бермеген», – дейді анасы.

Оның айтуынша, жанжал алдында жасөспірімдер баласынан «Сен кімсің?» деп сұраған. Ұлы әзілдеп жауап бергеннен кейін, олар төбелес шығарған көрінеді. Сондай-ақ әйел кейбір оқушылардың болған жағдайды телефонға түсіріп, күліп тұрғанын айтты.

«Бұл жай ғана балалардың төбелесі емес. Бұл – қатыгездік. Буллинг тек ұратын адам емес, сырттан қарап тұрғандар мен видеоға түсіргендер де соған себепкер», – деді ол.

Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға байланысты кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен профилактикалық кеңес өткізіліп, мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары талқыланған.

Қазір зардап шеккен оқушының жағдайы жақсы екені белгілі болды.

Войдите, чтобы оставить комментарий