Тоқаев Бейбітшілік кеңесінде сөз сөйледі: Қазақстан Газаны қалпына келтіруге дайын

19.02.2026 23:40 Қарақат АСЫЛОВА
Тоқаев Бейбітшілік кеңесінде сөз сөйледі: Қазақстан Газаны қалпына келтіруге дайын
131
Фото: Ақорда
Қазақстан халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір

Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесі саммитінің алғашқы отырысында сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларға ілтипат білдірді. Президент тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Дональд Трампқа алғыс айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесу батыл әрі прагматикалық шешімдер қажет кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Президент бұл жиын сөз жүзіндегі декларациялармен шектелмей, нақты іс-қимыл арқылы ұзақ мерзімді бейбітшілікке жол ашатын алаң болуға тиіс екенін атап өтті.

 «Бұл қарар қабылдап қана қоятын конференция емес. Нақты әрі мақсатты шаралар арқылы тұрақты бейбітшілік орнатуға бағытталған маңызды қадам», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Бейбітшілік кеңесін көпжақты ынтымақтастықтың әлеуетін арттыратын, заман талабына сай жаңа форматтағы ұйым ретінде бағалады. Оның пікірінше, мұндай бастама бұрын-соңды көтерілмеген және бұл халықаралық қатынастарда жаңа бетбұрыс жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға және аймақты қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді. Ел халықаралық беделі жоғары компанияларды тарта отырып, инфрақұрылымды қалпына келтіру, тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандар салуға қатысуға ниетті.Президент Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әзір екенін айтты. Сондай-ақ алдағы бес жыл ішінде палестиналық студенттерге 500-ден астам білім грантын бөлу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстан электрондық үкімет және цифрлық шешімдер саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Мемлекет басшысы халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдау аясында далалық госпиталь құру үшін медицина мамандарын және Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге әзір екенін жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий