9 ел «Бейбітшілік кеңесінің» бюджетіне 7 млрд доллардан астам ақша құйды – Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп тоғыз мемлекет «Бейбітшілік кеңесінің» бюджетіне 7 млрд доллардан астам қаражат құйғанын мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz РБК-ға сілтеме жасап.
Ал Трамптың сендіруінше, АҚШ өзі 10 млрд доллар бағыттайды. Ол бұл туралы ұйымның Вашингтондағы алғашқы отырысында мәлімдеді.
«Мен Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт көмек бағдарламасына бірлесіп 7 млрд доллардан астам қаржы бөлгенін қуана-қуана хабарлаймын. Бұл керемет. Рақмет, достар», — деді ол.
Өз кезегінде Вашингтон «Бейбітшілік кеңесіне» 10 млрд доллар бөледі, деп атап өтті Трамп. Отырыс барысында ол сондай-ақ БҰҰ Газаны қолдауға 2 млрд доллар бөлетінін, ал ФИФА өңірдегі футбол жобаларына 75 млн доллар бағыттайтынын айтты. Бұдан бөлек, Жапония гуманитарлық көмекке қаражат жинау науқанын өткізеді, оған өңірдің бірнеше елі, соның ішінде Оңтүстік Корея, Филиппин және Сингапур қатысады.
«Бейбітшілік кеңесі» — Трамптың ұсынысы бойынша Газа секторындағы жағдайды реттеуге тиіс ұйым. Сонымен қатар ол оның функциялары кеңеюі мүмкін екенін де жоққа шығармады, осыған байланысты Ақ үйде бейресми түрде бұл құрылым БҰҰ-ға балама ретінде жұмыс істеуі мүмкін деген пікір айтылған, онда вето құқығы жеке Трамптың өзінде болады.
Ұйымға мүше болу туралы ұсыныс Ресейге де жолданған. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, АҚШ билігі Газа секторы бойынша халықаралық «Бейбітшілік кеңесінде» тұрақты орын алғысы келетін елдерден кемінде 1 млрд доллар жарна енгізуді сұрап отыр.
Оған қатысуға шақырылған Беларусь басшысы Александр Лукашенко алғашқы үш жылда «Бейбітшілік кеңесіне» құрылтайшы ретінде тегін қатысуға болатынын нақтылаған.
«Бірақ егер үш жылдан кейін де сонда жұмыс істегің келсе, сені сайламай, шақырмай, тағайындамай қоймасын десең — 1 млрд доллар төле де, тағы үш жыл жұмыс істе. Миллиард үш жылдан кейін жұмыс істеу үшін керек», — деп түсіндірді ол.
Ресей президенті Владимир Путин Ресей АҚШ-та бұғатталған қаражат есебінен «Бейбітшілік кеңесіне» 1 млрд доллар жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Трамп бұл идеяны «қызық» деп атады. «Бұл өте қызық ұсыныс. Ол өз қаражатымен төлейді. Бұл керемет», — деді ол.
Кейінірек Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу АҚШ-та бұғатталған ресейлік активтерді мүшелік жарнаны төлеу үшін пайдалану мүмкіндігі жөнінде әзірге жауап алмағанын айтты.
Соңғы жаңалықтар