«Түркияға табыс табуға кеткен»: Ақтөбелік жігіт Грекияда 125 жылға сотталды

31.07.2026 20:07 Қарақат АСЫЛОВА
«Түркияға табыс табуға кеткен»: Ақтөбелік жігіт Грекияда 125 жылға сотталды
347
Ашық дереккөзден

Ақтөбе тұрғыны Нұрхан Қадырова шетелде сотталған ұлына көмек сұрап, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне жүгінді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, 24 жастағы Рашид Қадиров Түркияға жұмыс істеуге барып, кейін Грекияда заңсыз мигранттарды тасымалдады деген айыппен 125 жылға бас бостандығынан айырылған.

Анасының сөзінше, ұлы әлеуметтік желіден жоғары жалақысы бар жұмыс туралы хабарландыруды көріп, ұсынысқа келіскен. Ұйымдастырушылар оған жол шығынын төлеп, туристерді моторлы қайықпен серуендететін жұмыс уәде еткен.

Алайда біраз уақыттан кейін Рашидтің заңсыз мигранттарды Грекияға жеткізуге пайдаланылғаны белгілі болған. Ол грек құқық қорғау органдарының қолына түсіп, адам тасымалы ісі бойынша сотталған.

Нұрхан Қадырова ұлының бұл қылмысты ұйымдастырмағанын айтып отыр. Оның сөзінше, қайық Рашидке тиесілі болмаған және барлық тапсырманы белгісіз адамдар берген. Сондықтан ол ұлының алаяқтардың арбауына түсіп, қылмыстық схеманың құрбанына айналғанына сенімді.

Сонымен қатар әйел сот процесі кезінде ұлына аудармашы берілмегенін мәлімдеді. Соның салдарынан Рашид өзіне ұсынылған құжаттардың мазмұнын түсінбей қол қойған. Бұған қоса, оған шамамен 1 миллиард теңгеге жуық айыппұл салынған.

Қазір отбасы Рашидпен анда-санда ғана байланысып, түрмеде азық-түлік пен қажетті заттарын сатып алуы үшін қаражат жіберіп отырғанын айтты. Жақын арада іс бойынша кезекті сот отырысы өтеді деп күтілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне азаматқа консулдық көмек көрсету және оны елге қайтару мүмкіндігіне қатысты ресми сауал жолданған. Әзірге ведомство бұл мәселеге қатысты түсініктеме берген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий