7 күнде аудит, 10 күнде реформа жоспары: Қарин армиядағы өзгерістер туралы жазды

28.09.2026 • 12:33 Абзал БАХЫТЖАНОВ
7 күнде аудит, 10 күнде реформа жоспары: Қарин армиядағы өзгерістер туралы жазды
181
Фото: zakon.kz

Қорғаныс министрлігіндегі аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күнде, ал армияны реформалау жоспары он күнде дайындалуға тиіс. Вице-президент Ерлан Қарин Telegram-арнасында Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасынан кейін Президент осындай тапсырмалар бергенін жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қариннің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомство жұмысын кешенді тексеретін комиссия құрған. Аудит қаржы мен әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін қамтиды.

«Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру», деп жазды Қарин.

Ол мемлекет қайғылы оқиғаға жедел әрекет етумен шектелмей, оның түпкі себептерін жоюға бағытталған шешімдер қабылдап жатқанын мәлімдеді.

Қариннің сөзінше, Президент зардап шеккендерге көмек көрсету мен оқиғаны жан-жақты әрі объективті тергеуді жеке бақылауына алған. Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, марқұмдардың отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдаған, туған-туыстары мен жақындарына жеке атынан көңіл айтқан. Қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталған.

Оқиға орнына Үкіметтік комиссия жіберіліп, марқұмдардың отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге барлық қажетті көмекті көрсету тапсырылған. Сотқа дейінгі тергеу басталып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілген. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталған. Тергеу Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.

Қайырымдылық көмегін жинау үшін арнайы қор, ал жиналған ақшаны әділ әрі ашық бөлу үшін қоғамдық комиссия құрылған. Оны Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқарады. Көмектесуге Кеңес мүшелері, Құрылтай депутаттары, партия өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар мен өзге азаматтар ниет білдірген.

«Жұртшылықтың алдағы уақытта да қабылданған барлық шаралар туралы уақтылы әрі ашық ақпарат алып отыруы қамтамасыз етілетін болады», деп жазды Қарин.

Еске сала кетейік, 27 қыркүйекте Президент жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Войдите, чтобы оставить комментарий