АҚШ Украина оппозициясымен жасырын келіссөз жүргізген

АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы төрт лауазымды тұлға Украина оппозициясымен елде президенттік сайлау өткізу туралы жасырын келіссөз жүргізген, деп хабарлайды POLITICO.KZ Politico басылымына сілтеме жасап.
Украинаның Жоғарғы Радасының үш депутаты мен АҚШ-тағы Республикалық партияның сыртқы саясат сарапшысы келіссөздердің болғанын растаған. Келіссөздер Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко мен экс-президент Петр Порошенкомен жүргізілген.
Тараптар Ресеймен атысты тоқтату туралы келісімге келгеннен кейін, бірақ бейбітшілік келісімге қол қоймай тұрып, Украинада президент сайлауын өткізуді талқылаған.
АҚШ жағының пікірінше, Украина халқы соғыстан қажыған және жемқорлықтың өршуіне наразы, сондықтан Владимир Зеленскийдің сайлауда жеңілуі ықтимал. Дегенмен, соңғы жүргізілген сауалнамалар керісінше нәтиже көрсеткен. Лондондық Survation орталығы жүргізген зерттеу бойынша Зеленскийге сұралғандардың 44%-ы дауыс беруге дайын екенін айтқан. Ал Порошенконы – 10%, Тимошенконы – 6% ғана қолдаған.
Украинада президент сайлауы 2024 жылдың мамыр айында өтуі тиіс болған, алайда Ресей басқыншылығына байланысты енгізілген әскери жағдайға сәйкес кейінге қалдырылған.
Кремль бұл жағдайды Зеленскийдің заңдылығын жоққа шығару үшін пайдаланып, Украинада сайлау өткізуді қолдап отыр. Зеленский өз кезегінде Украина НАТО-ға қабылданбайынша отставкаға кетпейтінін мәлімдеген.
Юлия Тимошенко мен Петр Порошенко да соғыс аяқталмай жатып сайлау өткізуді қолдамайды. Алайда, Politico дереккөзінің айтуынша, олар өздерін Трамп әкімшілігіне "жұмыс істеуге ыңғайлы саясаткер" ретінде көрсеткен.
Тимошенконың кеңсесі бұл келіссөздер туралы түсініктеме беруден бас тартты. Ал Порошенко партиясының өкілдері "соғыстан кейін әділ сайлау өткізуді" қолдайтындарын жеткізді.
Америка жағынан келіссөздерге қатысқан лауазымды тұлғалар Politico басылымының сұрақтарына жауап бермеген.
Сарапшылардың пікірінше, бұл келіссөздер АҚШ-тың Украинадағы саяси процестерге ықпал етуге тырысып жатқанын көрсетеді.
Соңғы жаңалықтар





