Burger King төңірегіндегі дау: басшылардың бірі уақытша жұмыстан шеттетілді

17.02.2026 10:46 Әсел Мұрат
Burger King төңірегіндегі дау: басшылардың бірі уақытша жұмыстан шеттетілді
102
Фото: ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Burger King Kazakhstan желісіндегі дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрлік бұл жағдай ведомствоның бақылауында екенін мәлімдеді. 

Алматы қаласының еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекторы Burger King Kazakhstan-ның қызметкері Әлібек Қаратайдың тұрғылықты жеріне барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Оның әкесіне телефон арқылы өтінішті қалай беру керегі және еңбек заңнамасында қандай кепілдіктер қарастырылғаны түсіндірілген.

«Жұмыс берушіден (QSR (Burger King) ЖШС) алынған ақпаратқа сәйкес, ұйым ішінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеру кезеңінде басшылардың бірін уақытша шеттету туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады еңбек министрлігі.

Сонымен қатар, министрлік компанияға қатысты тексерістің нақты мән-жайын және мерзімін нақтылаған жоқ. Қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны хабарланды.

Burger King төңірегіндегі дау

Айта кетейік, қала тұрғыны компанияның жаңа басшылығы аутизмі бар ұлын жұмыстан кетуге итермеледі деп мәлімдеген еді.

Әлеуметтік кәсіпкер және аутизм мәселелері бойынша сарапшы Жанат Каратай Threads желісінде аутист ұлы Алибектің жұмыс жағдайына қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, аутизмі бар баласы шамамен төрт жыл Burger King-те аспаз болып жұмыс істеп, ұжымға бейімделіп, қосымша жұмыс істеп, жұмыс кестесі мен демалысын жоспарлап жүрген. Айтуынша, компания бұрын қызметкерлерді қолдап келген, бірақ басшылары өзгергелі жағдай да өзгерген.

Әлеуметтік кәсіпкер Жанат Қаратайдың сөзінше, оның 27 жастағы ұлы Әлібек аталған желіде төрт жыл бойы аспаз болып жұмыс істеп, жұмысын адал атқарған және ұжыммен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Алайда Ресейден келген Сергей есімді жаңа аймақтық болып жұмысқа кіріскеннен кейін жағдай күрт өзгерген.

Анасының айтуынша, жаңа басшы келген соң Әлібекке астыртын қысым көрсетіле бастаған. Күз айларынан бері ол тұйықталып, мазасыз күйге түскен. Жанат Қаратай басшымен жеке сөйлескенін, бірақ оның инклюзивті қоғам қағидаттары туралы түсінігі жеткіліксіз екенін байқағанын жеткізді.

Ол бұл кездесуді жағымсыз әсер қалдырғанын айтып, жаңа басшының елімізге жуырда ғана келгенін және аутизмі бар адамдардың да өзгелермен тең дәрежеде еңбек ете алатынын білмейтіндей көрінгенін сынға алды. Жанаттың жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. 

Burger King Kazakhstan не дейді?

Болған жағдайға қатысты Burger King мәлімдеме жасап, мән-жайды түсіндірді. Компания «Алибек Қаратай жұмыстан шығарылды» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қазір Алибек Қаратай жұмыстан шығарылған жоқ, ол Burger King Kazakhstan қызметкері болып қала береді. Компания оны жұмыстан шығару туралы шешім қабылдаған жоқ. 2026 жылдың 29 қаңтарында HR департаментіне қызметкердің демалысқа шығу ниеті туралы хабарлама келді. Содан кейін Алибек уақытша жұмысқа шығуды тоқтатты, бірақ компания белгіленген нысанға сәйкес ресми өтінішті алған жоқ. 6 ақпанда қызметкердің анасы Жанат Қаратай компанияға хабарласып, өзі жазған Алибектің жұмыстан шығу туралы өтінішті алып келді. Қазақстанның еңбек заңнамасына сәйкес мұндай өтініштерді қызметкер өзі келіп жазу керек», – деп жазды компания.

Сондай-ақ компания бар шешімдерді, соның ішінде басқа мейрамханаға ауысуды ұсынғанын атап өтті. Өздерінің әңгімеге ашық екенін, қызметкер және оның отбасымен келесі қадамдарды жұмыс форматында талқылауға дайын екенін жеткізді.

Дегенмен бұл түсіндірме көпшілікті толық қанағаттандырмады. Қазір әлеуметтік желілерде компанияға қатысты теріс пікірлер көбейіп, кей қолданушылар жаппай бойкот жариялауға шақыруда.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий