Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға тіл тигізген ақтөбелік емшіге сот үкімі шықты
«Емші» Бағдагүл Лепесова Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға қатысты жала жапқаны үшін 1,5 млн теңгеден астам айыппұл төлейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақтөбеде емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты әкімшілік іс қаралып, сот оны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабында көзделген құқықбұзушылық бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 1 557 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Ақтөбе қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Ұлан Есжановтың мәліметінше, 15 мамырда Е-өтініш порталы арқылы Баян Алагөзова мен Динара Сәтжаннан Бағдагүл Лепесоваға қатысты арыз түскен. Келесі күні арызданушылардың қорғаушылары полицияға бейнежазба ұсынған.
Сол кезде Астанада болған Бағдагүл Лепесоваға 25 мамырда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылған. Кейін іс материалдары, соның ішінде бейнежазба, сот сараптамасына жіберілді. Сараптама нәтижесінде бейнематериалда жала жабу белгілері бары расталған. Іс 20 шілдеде сотқа жолданды.
Сот отырысында Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, аталған бейнематериалды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жарияламағанын мәлімдеді.
Лепесованың қорғаушысы бейнежазбалардың монтаж арқылы немесе жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екенін алға тартты. Сондай-ақ қорғаушы сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды, бейнематериалды жариялаған екі аккаунттың иелерін анықтап, олардан сотта жауап алуды сұрады.
Сот отырысына талапкер Баян Алагөзова онлайн қатысты. Ол бейнежазбадағы сөздер өзінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне тигенін айтып, Лепесовадан кешірім қабылдамайтынын және медиациялық келісімге бармайтынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған бейнематериалды түрлі интернет платформаларынан көргеннен кейін TikTok аккаунтын да өшіруге мәжбүр болған. Ол бұл істің әлеуметтік желілерде өзге адамдарды қорлауға жол бермеуге сабақ болуы керек екенін атап өтті.
Сот қаулысымен Бағдагүл Лепесова Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Судья Анар Айтжанованың шешімі бойынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 58-бабына сәйкес, оған түпкілікті 1 557 000 теңге әкімшілік айыппұл тағайындалды. Айыппұл сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен кешіктірілмей төленуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова ақтөбелік “TikTok-емшіні” тексеруді талап еткені хабарланған еді. Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде сынықшы әрі емші ретінде танылған. Алайда кейінгі уақытта оның тікелей эфирдегі мәлімдемелері көпшілік арасында дау тудырып жүр. Соңғы дауға тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты айтқан сөздері себеп болды.
Осыдан кейін Динара Сәтжан емшінің қызметі мен табысына қатысты бірқатар сұрақ көтерген. Ол “ақылы бата” үшін түскен қаржы қайда аударылатынын, емшінің салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғын анықтауды сұраған.
Соңғы жаңалықтар