Экология мәселесі Конституцияда бекітіледі: Роман Скляр министрлік алқасын өткізді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр төрағалығымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиында 2025 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер айқындалды. Отырысқа Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Аппаратының өкілдері, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор, аумақтық бөлімшелер және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Роман Скляр алқа отырысы еліміз үшін маңызды кезең – жаңа Конституция жөніндегі республикалық референдум қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылған редакцияда қоғамның басты сұраныстарының бірі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы орта қалыптастыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаты көрініс тапқан.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және көбейту бағытындағы негізгі нәтижелерге тоқталды. Қазіргі уақытта министрлік қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару және мониторинг жүргізу, орман өрттерін ерте анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге баруды қадағалау бойынша бірқатар цифрлық жобаларды іске асыруда. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесі өткен жылы 2,2 млн гектар аумақты қамтыса, биыл өрт қаупі жоғары 5,4 млн гектар орман алқабын жүйемен қамту жоспарланып отыр. Жобаға жасанды интеллект енгізілген.
Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында биыл Қазақстанда Өңірлік экологиялық саммит өткізу туралы бастама көтерген болатын. Саммит мемлекеттер мен үкімет басшыларының, халықаралық серіктестер мен сарапшылардың қатысуымен өтеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2 млрд ағаш отырғызу және орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Дегенмен жердің деградациясы мен шөлейттену мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Алқа барысында 2026 жылға арналған экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, биоалуантүрлілікті сақтау, қалдықтарды басқару жүйесіне жеке инвестиция тарту және экологиялық мәдениетті арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Соңғы жаңалықтар