«Халықтың сүйікті әртісі» арнайы медалі Жүсіп Ақшораға берілді
«Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшора «Халықтың сүйікті әртісі» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Аталған марапатты танымал актерге мемлекеттік органдар емес, қазақша контент жасаушылар мен «Intelligentno Qu» жобасының әзілкештері табыстаған.
Ұйымдастырушылар аға буын өкілінің отандық сахна өнері мен әзіл-сықақ жанрына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Олар халықтың атынан арнайы дайындалған медаль мен куәлікті тапсырып, дәстүрге сай ардагер әртістің иығына ақ шапан жапты.
Сыйлыққа риза болған өнер иесі төсбелгіні кеудесіне тағып жатып әзіл тастады.
«Сендердікі бар ғой, бәрінікінен үлкен екен», – деді Жүсіп Ақшора.
Еске салайық, биыл сәуір айында Ақордада өнер адамдарына мемлекеттік марапаттар берілген еді. Сол кезде жарты ғасырлық еңбегі бар «Шаншар» театрының актері Жүсіп Ақшораның еленбей қалғаны әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударды. Кейін аталған жағдайға байланысты актердің өзі де пікір білдірген болатын.
Соңғы жаңалықтар