Маңғыстауда Бекет атаға бара жатқанда жоғалған үш адам аман-есен табылды

05.07.2026 15:21 Қарақат АСЫЛОВА
Маңғыстауда Бекет атаға бара жатқанда жоғалған үш адам аман-есен табылды
262
Маңғыстауда жоғалған үш тұрғынның қайда болғаны белгілі болды

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында Бекет ата жерасты мешітіне бара жатқан жолда жоғалып кеткен үш тұрғын аман-есен табылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, олардың көлігі Қыдырша ата аумағынан шамамен 35 шақырым жерде батпақты жерге батып қалған. Осыған байланысты жолаушылар әрі қарай қозғала алмай, жақындарымен және құтқару қызметтерімен байланысқа шыға алмаған.

Іздестіру барысында көлікті алғаш болып Бейнеу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұржігіт Базарбаев пен әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Бауыржан Нұрмұханбетов анықтады.

Қазіргі уақытта табылған азаматтар Ақжігіт ауылына жеткізіліп, олардың денсаулық жағдайын тексеру үшін медициналық тексеруден өткізілуде.

Полиция департаменті іздестіру жұмыстарына қатысқан барлық қызметтерге алғыс білдіріп, полиция, төтенше жағдайлар қызметі және өзге де құрылымдардың үйлесімді әрекетінің арқасында іздеу жұмыстары сәтті аяқталғанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысының үш тұрғыны Бекет ата жерасты мешітіне жолға шыққаннан кейін байланысқа шықпай қалған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий