Мәскеуде Wildberries қоймасы тағы да дрон шабуылынан өртенді

16.08.2026 17:05 Қарақат АСЫЛОВА
Мәскеуде Wildberries қоймасы тағы да дрон шабуылынан өртенді
204
Видеодан кадр

16 тамыз күні таңертең Мәскеу облысының Подольск қаласында украиналық дрондардың шабуылы салдарынан Wildberries компаниясының тағы бір логистикалық қоймасында өрт шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, нысанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес алдын ала эвакуация жүргізілген. Өрт орнына құтқарушылар мен өрт сөндіру қызметі жұмылдырылды. Қазір логистикалық тізбектер қайта құрылып, тауарларды қабылдау және тапсырыстарды жөнелту басқа нысандар арқылы жүзеге асырылып жатыр.

Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев шабуыл салдарынан өңірдің бірнеше елді мекенінде зардап шеккендер бар екенін хабарлады.

Раменское муниципалдық округінде дрон жеке үйдің аумағына құлап, 83 жастағы ер адам қаза тапқан. Подольскіде үш адам жарақат алған. Климовскіде жүк көлігінің жүргізушісі қолынан жараланып, тағы бір ер адам сынық жарақатын алған. Железнодорожный елді мекенінің тұрғыны иығынан жараланған. Билік олардың өміріне қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Подольскіде жеке үй, жеңіл көлік және электр желісі зақымданған.

Домодедовода дәрі-дәрмек сақталған қойма өртеніп, бірнеше көпқабатты үй, екі жеке үй және сауда орталығының шатыры бүлінген. Чеховта жеке үй мен шіркеу мектебінің ғимараты зақымданса, Ступинода дронның құлауынан бау-бақша серіктестігіндегі монша қираған.

Төтенше жағдайлар қызметтері өңірдегі шабуыл салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий